Екінші деңгейлі банктер азаматтардың жеке деректерін қорғауға мүдделі емес. Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов бүгінгі Мәжіліс отырысында осындай қорытынды жасады.
Өкінішке қарай, елімізде банктік алаяқтық күнделікті құбылысқа айналып барады. Миллиондаған несие жазықсыз азаматтардың мойнына ілініп, тағы бір бөлігі алаяқтардың кесірінен есепшоттарындағы қаражатынан айырылуда. Ал ұқық қорғау органдары мен екінші деңгейлі банктердің қауіпсіздік қызметі осы мәселелерге келгенде қол қусырып қарап отыр.
«Осындай қиын жағдайға тап болған азаматтарымызды қорғау мүмкін болмай отыр. Себебі, құқық қорғау органдары кінәлілерді анықтай алмағаны үшін істі тоқтата салады, ал азаматтық соттар осы несиелік келісімдерді жарамсыз деп танудан бас тартып, банктерді жақтап шығады», - деді депутат.
Мәжілісмен банк секторындағы мұндай қылмыстардың ықтимал себебі екінші деңгейлі банктердегі электронды деректер базасының қауіпсіздік тетігінің жетілдірілмегендігі деп санайды. Өйткені, алаяқтық схема болған жағдайда банктерге ешқандай жауапкершілік артылмаған, оған қоса олар ештеңе жоғалтпайды.
«Түптеп келгенде, мұндай кезде азаматтарымыз ғана зардап шегіп отырғандықтан, банктер банк жүйесінің қауіпсіздігін арттыруға мүлде мүдделі емес. Бүгінде қаржы институттары алаяқтардың құрбанына айналса да, азаматтарды өзі алмаған қарызды өтеуге мәжбүрлеп, пайдаға кенеліп отыр», - деді депутат.
Осындай алаяқтыққа тосқауыл қою үшін ҚХП парламенттік фракциясы салымшылардың құқығы мен мүддесін қорғау мақсатында екінші деңгейлі банктерде орналасқан жеке тұлғалардың салымдарына міндетті кепілдік беру жүйесін әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ, банктер мен азаматтар арасындағы тәуекелдерді бөлісуге көмектесу үшін және зардап шеккендерге қаржылық жүктемені азайтуға мүмкіндік беру үшін жеке тұлғаның несиелерін алаяқтықтан міндетті сақтандыру жүйесін құру керек екенін айтты. Бұл ретте Үкімет Қазақстан Республикасының Ұлттық банкімен бірлесіп, банктік ақпараттық жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы бірыңғай талаптарды әзірлеуі қажет.