Қазақстан Халық партиясы әлеуметтік осал отбасыларды қолдау үшін көпбалалы, жалғызбасты аналарды және ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды жеңілдікпен берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етуді ұсынды.
Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева атап өткендей, елімізде жеңілдетілген несие, субсидия беру және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы бар.
– Алайда бұл бағдарламаларды іске асыру тиімсіз, – деді мәжілісмен. – Шектеулі қаржы, жеңілдікке қол жеткізудің қиындығы, кезекті ұзақ күту, салынып жатқан тұрғын үйдің жетіспеушілігі сияқты мәселелер атқарушы органдардың халықтың қажеттілігіне немқұрайлы қарайтынын көрсетеді.
Депутат ипотека беру шартын қайта қарауды және оны осы санаттағы отбасылар үшін қолжетімді етуді ұсынды. Бұл үшін «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдарламалары бойынша несие беру барысында міндетті шарттан бастапқы жарнаны алып тастауды немесе тұрғын үй сертификатын беру қажет екенін мәлімдеді. Бұған қоса толық емес отбасыларды «Бақытты отбасы» бағдарламасына қосу бастамасын көтерді.