Жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі!

ҚХП төрағасы, Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Ермұхамет Ертісбаев пен партия мүшелері Ирина Смирнова мен Асылбек Нұралин Өскемендегі ГЭС пен облыстық ІІД қарасты емхана ұжымымен кездесті.

Спикерлер партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын тілге тиек етті.

– Біз кландық-олигархиялық капитализм жүйесіне қарсымыз. Біз социализмді қолдаймыз. Бай азаматтар – бай мемлекет! Мықтыларға – жұмыс! Мұқтаждарға – қамқорлық! – деді Е. Ертісбаев.

Партия төрағасы жер және жер қойнауы халыққа тиесілі болу керек дегенді ерекше атап өтті.

– Біз еліміздің әрбір азаматына ұлттық байлықты қайтару тетігін іске қосуға қол жеткізуіміз керек. Мәжіліс қоғамдық мүддені білдіретін барлық оқиғаларға парламенттік тергеу жүргізу құқығына ие болуға тиіс. Осылайша біз халықтың объективті ақпарат алу құқығын қамтамасыз етемі. Республикалық бюджеттің атқарылуын тексеру өкілеттігі бар Аудиторлық палата Мәжіліс құрамына кіруі тиіс. Бақылау функциясы сенімді ақпаратты қалпына келтіру үшін қажет. Себебі үкіметтің қазіргі есеп беру тәсілі сырғытпа жауап тәріздес, – деді ол.

Партия төрағасынан соң сөз алған спикерлер ауылдық округ әкімдерін іріктеу критерийлеріне қатысты жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңды өзгертуді талап ететіндерін айтты. Олардың пікірінше, барлық деңгейдегі әкімдерді тікелей дауыс беру арқылы халық сайлауы керек. Әкім міндетін дұрыс атқара алмаған жағдайда халық оны кері қайтаруы тиіс.

Спикерлер кәсіпорынды заңсыз жекешелендіру немесе өзге де құқықтық және салықтық заң бұзушылықтар анықталған жағдайда оның күшін жойып, инвестор мен мемлекеттің міндеттемелерін қайта есептеу қажет екенін алға тартты.

Асылбек Нұралин ел байлығының дені олигархтардың қолында деп санайтынын мәлімдеді.

– Қазақстан халқы кедейленіп, әділдікке деген сенімін жоғалтып жатыр. Монополиялар ресурстарды рәсуалап, өмірдің барлық салаларындағы сыбайлас жемқорлық миллиондаған қарапайым адамдардың болашағына балта шабуда. Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда 3 млн-ға жуық азамат кедейліктің кебін киіп отыр, – деді ол.

Партия өкілдері ең төменгі жалақы үш адамнан тұратын отбасын асырауды қамтамасыз етуі керек деген пікірде. Бұл үшін ең төменгі жалақы мөлшерін 140 мың теңгеге дейін жеткізу қажет.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy