Себебі жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы заңнамалық норма жұмыс істемейді. Үкіметтің Қазақстан Халық партиясы фракциясы депутаттарының сауалына берген жауабынан осындай ой түюге болады.
Заң бойынша балалар үйінде, патронаттық отбасында өскен, кейін өз бетінше өмір сүруге көшкен жетім балаларды мемлекет тұрғын үймен қамтамасыз етуге тиіс. ҚХП депутаты Ирина Смирнованың айтуынша, бүгінгі таңда 60 мыңнан астам жетім бала тұрғын үй кезегінде тұр. Тәуелсіздік жылдарында оларға небары 8 444 үй бөлінген.
– Жағдай осылай жалғаса беретін болса, кезекте тұрғандар 120 жылдан кейін ғана үй алады, – деді депутат. Үкімет тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларын көздейтін кешенді жоспарға сәйкес барлығы бюджеттен тыс және демеушілік қаражат есебінен жүріп жатыр деп санайды.
– Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілеріне «Отбасы банк»АҚ-да депозиттік шот ашылды. Ол асыраушысынан айырылу, мүгедектік, алимент бойынша алынатын жәрдемақы есебінен толықтырылады, – делінген жауапта. – 2026 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасында тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар үшін, оның ішінде «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша жеңілдетілген ипотекалық қарыз көзделген.
Міне, бізде жетімдерді мемлекет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету тәсілі осындай. Заңнамада жазылған! – Депутаттық сауалға берілген жауап мені ашуландырды және ренжітті, – деді И. Смирнова. – Дәл осындай тәсіл қолданылса, жетім балалар ешқашан баспаналы болмайды.
Бұған дейін Антикор тұрғын үй қорында тұрған үйлер жеке тұлғаларға заңсыз жалға берілгенін анықтады. Петропавлда 1,5 мың пәтер анықталды. 1360 жетім бала себепсіз тұрғын үй кезегінен сызылып тасталды. Осыған ұқсас жағдай Қазақстанның басқа қалаларында да анықталды.
– Қасиет пен киенің құтын қашырмау керек қой – деді И.Смирнова. – Жетімнің ақысын жеу деген сұмдық қой. Мемлекет өзін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қамқоршысы деп жариялады. Ол өз міндетін орындауы тиіс. Бұл – оның жауапкершілігі!