ҚХП парламенттік фракциясы бүгінгі Мәжіліс отырысында жетім балаларды әлеуметтендіру және оларды қоғамға бейімдеу мәселесін көтерді. Өкінішке қарай, бүгінде педагогикалық жүйедегі олқылықтар салдарынан балалар үйінің тәрбиеленушілеріне асырап алушы отбасыларға бейімделу қиынға соғады, соның салдарынан материалдық та, әлеуметтік те тәжірибесі жоқ күйде ересек өмірге аттануға мәжбүр болады.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гаухар Танашеваның айтуынша, елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 21 387 бала бар.
«Бұл сандардың әрқайсысының артында қиындық пен белгісіздікке толы адам өмірі тұр. Бұл жәй статистика емес, бұл - біздің балаларымыз, біздің болашағымыз. Және сол балалардың болашағы уайым-қайғысыз болуына біз жауаптымыз», - деді депутат.
Мемлекеттен жылына осы балаларды қолдауға 38,7 млрд теңге бөлінеді. Ал бұл қаражаттың тек 7,5 млрд теңгесі ғана отбасыларда тұрып жатқан 17 660 балаға жұмсалады. Бюджет қаражатының басым бөлігі, яғни 31,2 млрд. теңге, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйесіндегі 121 ұйымдарға бөлінеді, сол жерде орналасқан 4 137 баланы асырауға жұмсалады. Ал 1 баланы асырауға жылына 7,5 млн. теңге бөлінеді. Ал бұл теңсіздіктің себебі белгісіз.
Гаухар Танашеваның бала асырап алу бойынша тәжірибесі бар. Осы ретте депутат бүгінде жетім балаларға арналған мекемелерде балаларды балаларды отбасында өмір сүруге дайындау жүйесі жоқ екенін және баланың отбасыға бейімделіп, тұрақты орналасып кетуі барысында сүйемелдеу мен оны бақылау да қарастырылмағанын атап өтті. Бұл жағдайдың салдары тіпті өкінішті. Себебі тек ресми деректерге сүйенсек, соңғы 5 жылда отбасылардан балалар үйіне қайтарылған балалардың саны 70 пайызға жеткен.
«Балалардың қайтып келуінің алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында балаларды кәмелет жасқа толғанға дейін отбасыларда сүйемелдеу міндеттілігін нормативті бекіту қажет. Ал бала асырап аламын деген отбасыларды қолдап жағдай жасаған дұрыс деп есептеймін», - деп атап өтті депутат.
Сондай-ақ, Танашева балалар үйлері түлектерінің өмір сүруін бақылаудың жоқтығы да үлкен мәселе екеніне тоқталды.
«Мұндай балалар тәуелсіз өмірге бейімделмеген, қиындықтарға дайын емес, алаяқтар мен қылмыскерлердің құрбаны болып, несиеге батып жатыр», - деп нақтылады ол.
Осы ретте ҚХП фракциясы тәлімгерлік институтын құруды және дамытуды ұсынды. Тиісінше, тәлімгерлік олардың бейімделуіне көмектесетін ұзақ мерзімді процесс болуы тиіс. Сонымен қатар жетім балалардың заң талабына сай баспана алуы да өзекті мәселе болып отыр. Қазір баспана кезегінде 62 352 жетім бала бар, яғни, олардың санаулысы ғана пәтер ала алады деген сөз. ҚХП бұған дейін тәсілдемені өзгертіп, тұрғын үй ваучерлері немесе жекешелендіру құқығы бар жалға берілетін тұрғын үй сияқты тетіктерді пайдалануды ұсынған болатын. Алайда Үкімет бұл ұсынысқа наза аудармады.
– Аталған мәселелерді шешу бойынша қандай іс-шаралар жоспарланғаны және орындалғаны туралы ақпарат беруіңізді сұраймыз, – деп Гауһар Танашева өзінің депутаттық сауалын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке жолдады.