ҚХП Қарағанды Орталық саябағындағы құрылысқа қатысты дабыл қақты

dep.jpg © Pixabay.com

Қазақстан Халық партиясының Парламенттегі фракциясы Бас прокурор Берік Асыловтан Қарағанды қаласындағы Орталық саябақ аумағында жүргізіліп жатқан құрылыстың заңдылығын тексеруді сұрап отыр.

ҚХП депутаты Асылбек Нұралиннің айтуынша, бүгінде Қарағандының дәл ортасында, 1939 жылы негізі қаланған Орталық саябақ аумағында элиталық тұрғын үй кешенінің құрылысы басталып кеткен.

– Ондаған жыл бойы жұртшылыққа қолжетімді қоғамдық кеңістік болған жерде қазір қос деңгейлі автотұрағы бар мұнаралар бой көтеруде, – деді Мәжіліс депутаты.

1998 жылы бұл жер телімі аттракциондар паркі ретінде берілгенімен, он жылдан астам уақыт бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған. Мұндай жағдайда мемлекет жерді өз меншігіне қайтаруы тиіс еді. Алайда сол кезеңдегі лауазымды тұлғалар бұл шараны жүзеге асырмай, нәтижесінде кейінгі жанжалға жол ашқан. Сонымен қатар, ҚХП деректеріне сәйкес, қазіргі кезде жүзеге асып жатқан құрылыс жобасы Қарағандының қолданыстағы Бас жоспарымен сәйкес келмейді.

– Бұл – аса маңызды мәселе. Мұнда тек моральдық тұрғы ғана емес, ресми жоспарлау құжаттарына тікелей қайшы келетін әрекеттер сөз болып отыр. Қала тұрғындары үшін бұл жағдай ерекше алаңдаушылық туғызып, наразылықты күшейтуде, - деп атап өтті Нұралин.

Жергілікті билік құрылыс заң аясында жүргізіліп жатыр және қоғамдық тыңдаулар өткізілді деп мәлімдеген. Алайда тыңдаулар таралымы аз газет арқылы хабарланған, ал әлеуметтік желілер мен басқа да ашық ақпарат көздері арқылы тиісті деңгейде жарияланбаған.

Орталық саябақ – қарағандылықтар үшін табиғатпен тыныстап, демалуға болатын санаулы қоғамдық орындардың бірі еді. Енді бұл жер халықтың емес, ауқатты пәтер иелерінің мүддесіне берілмек. Бұл әрекет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына, құрылыс жоспарларына, экологиялық талаптарға, заң мен логикаға қайшы келеді.

– Мұндай жағдайлар қоғамда әлеуметтік шиеленісті үдетіп отыр. Бұрынғыдан қалған қоғамдық кеңістіктерді халықтың игілігіне қайтарудың орнына, жергілікті атқарушы билік әлі де әділетсіз шешімдер қабылдап, тұрғындардың заңды наразылығын тудыруда, - деді депутат.

ҚХП депутаттары Бас прокуратурадан 1998 және 2004 жылдары жер телімінің берілу заңдылығын толық тексеруді, сол кездегі лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беруді, жердің мақсатының өзгеруінің қаншалықты негізді болғанын анықтауды және заңбұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті мәмілелерді жарамсыз деп тану шараларын қолдануды сұрайды.

– Біз сізден қоғамдық мүддені қорғау жолында нақты әрі әділ ұстаным күтетінімізді жеткізгіміз келеді, – деп қорытындылады халық қалаулылары.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy