9 мамыр – Жеңіс күні Қазақстан Халық партиясы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті. Партия өкілдері жылдағы дәстүр бойынша Жеңіс даңғылында орналасқан мемориалдық кешенге гүл шоғын қойды. Салтанатты рәсімге партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев қатысты.
Жеңіс күні – халқымыз үшін қасиетті де қастерлі күн. Бұл – ерлік пен жанқиярлықтың, ел үшін от кешкен батырлардың рухына бас иетін күн. Бұл – фашизмнің озбырлығын жеңу жолында құрбан болғандарды еске алатын, әр ұрпаққа бейбіт күннің бағасын ұқтыратын күн.
– Соңғы жылдары еліміздің Жеңіске қосқан үлесін жоққа шығаруға тырысатындар көбейіп келеді. Алайда Кеңес әскері жері үшін емес, бүкіл адамзаттың амандығы үшін шайқасты! – деді ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев.
Соғыс жылдарында 96 638 қазақстандық жауынгер орден-медальдармен марапатталды. 500-ге жуық жауынгерімізге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Жарты миллионнан аса қазақ елінің ұланы майдан даласында жанын қиды. Сондықтан 9 мамыр – бұрынғы кеңестік елдер үшін қашан да «көзге жас ұялатып, жүректі тербейтін мереке» болып қала бермек. Бірақ ол – бәрібір Жеңіс мерекесі!
– Біз бұл күнді жыл сайын атап өтеміз! Англия мен Франция немістермен татуласуды құп көрсе, бұл – олардың таңдауы. Ал біз үшін 9 мамыр – қасиетті тарихи күн! – деді Ермұхамет Ертісбаев.
Тарихты бұрмалап, өткенге күмәнмен қарауға тырысатындар табылғанымен, Қазақстан өзінің батырлық жолынан бас тартпайды. Арада 80 жыл өтсе де, Жеңіс күні – ел жадынан өшпеген, қадірлі мереке.
– Осы алапат соғыста жеңіске жетіп, бейбіт өмір сыйлаған әкелеріміз бен аталарымызға – мәңгі қарыздармыз! Жанын қиып, бізге бейбіт өмір сыйлаған ерлеріміздің ерлігіне бас иіп, тағызым етеміз! – деді Ермұхамет Ертісбаев.
Гүл шоғын қою рәсімінен соң партия мүшелері Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Шара соңында партия мүшелері Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.