Жетісу облысының Кербұлақ ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Қазақстан Халық партиясының депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Ислам Сұңқар апатты үйлердің тұрғындарымен кездесті. Сонымен қатар аудандық ауруханаға барып, медицина қызметкерлерімен пікірлесті.
Алдымен депутат аудан әкімі Қанат Есболатовпен кездесіп, өңірдегі тұрғын үйге қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Әкімнің айтуынша, тұрғын үй бағдарламаларына қатысуда «Отбасы банкінің» талаптары мен рәсімдері біраз қиындық туғызуда. Бұған жауап ретінде Ислам Сұңқар өңірлерден келетін кері байланыстың маңызын атап өтіп, әділетті әрі тиімді заңнамалық шешімдер қабылдауда бұл пікірлер ескерілетінін айтты.
Кейін депутат Сарыөзек ауылындағы барақ үлгісінде салынған екі қабатты апатты үйлер орналасқан аумақты аралады. Мұнда бұған дейін 240 пәтерде адамдар тұрған.
– Бұл үйлердің техникалық жағдайы — адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді, – деді аудан әкімі Қанат Есболатов.
Қазіргі таңда 60 пәтерлі жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталып, бірқатар тұрғын жаңа баспанаға көшірілді. Ал қалған отбасылар өз кезектерін күтіп отыр. Екі ай бұрын облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлының қолдауымен тағы бір 60 пәтерлі үйдің құрылысы басталған.
– Бұл бастама апатты үйлерде тұрып жатқан тұрғындардың жартысын жаңа пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Қанат Есболатов.
Алайда уақытша тұрғын үймен қамтамасыз ету ісінде белгілі бір қиындықтар бар. Себебі Сарыөзек ауылында жалға берілетін тұрғын үй қоры жеткіліксіз.
Ислам Сұңқар жаңа пәтерге қоныстанған тұрғындармен тілдесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Тұрғындар жайлы әрі қауіпсіз баспанаға ие болғандарына ризашылықтарын білдірді.
Сапар барысында депутат Кербұлақ аудандық ауруханасына да барып, мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысты. Ол аурухана бөлімшелерін аралап, медициналық қызметкерлермен әңгімелесті.
– Аурухана қазіргі заманға сай құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда тұрғындарға сапалы медициналық қызметтер көрсетіледі. Алайда кездесуде техникалық қызметкерлердің жалақысының төмендігі мәселесі көтерілді. Бұл – кадрлардың тұрақсыздығына себеп болатын өзекті проблема, – деді депутат.
Мәжіліс депутаты бұл мәселені жеке бақылауына алатынын айтты.