Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің халықаралық бөлімінің шақыруымен Бейжіңде өткен Жаһандық өркениеттер диалогы форумына (GGI) қатысты. «Адамзат өркениеттерінің алуан түрлілігін сақтау және бейбітшілік пен даму жолында күш біріктіру» тақырыбымен өткен алқалы жиынға 140-тан астам елдің делегаттары жиналды.
Бұл форумға Орталық Азиядан шақырылған жалғыз саяси ұйым – Қазақстан Халық партиясы болды.
Ермұхамет Ертісбаев өз сөзінде осындай деңгейдегі еркін пікір алмасу алаңын ұйымдастырғаны үшін Қытай тарапы мен форум бастамашыларына алғыс айтып, қатысушы елдердің тең құқықты екенін ерекше атап өтті.
– Қытай бізбен де, өзге мемлекеттермен де тең дәрежеде сөйлеседі. Бұл әлсіздіктің емес, мыңжылдық тарихы бар ұлы өркениетке тән даналықтың белгісі. Шынайы күш — әскери қуатта емес, өзара құрмет пен бейбіт болашаққа ұмтылуда, – деді партия төрағасы.
Форумда Ертісбаев Қытай мен Батыс елдерінің халықаралық саясаттағы ұстанымдарын салыстырып, Қытай жүргізіп отырған ынтымақтастыққа негізделген серіктестік моделін жоғары бағалады. Оның айтуынша, Қытай өз мүддесін өзгенің есебінен емес, ортақ пайдаға негіздей отырып жүзеге асырады. Ал Батыс елдері керісінше, әріптестеріне қысым жасап, өз шарттарын күштеп таңуға бейім. Бұл ретте ол Қытай бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды «Бір белдеу – бір жол» жобасын тиімді ынтымақтастықтың жарқын мысалы ретінде атап өтті.
– Қытай құрып жатқан халықаралық көлік дәлізі – жаңа типтегі өзара байланыс пен экономикалық әріптестіктің берік іргетасы. Бұл бастамаға қатысып отырған әрбір ел – біртұтас тетіктің маңызды бөлшегі. «Бір белдеу – бір жол» – бәріне ортақ даму мен өсіп-өркендеуге жол ашатын нақты әрі тиімді жүйе, – деді Ертісбаев.
Оның пікірінше, бұл жоба Пекин мен Таяу Шығысты, Қытайдың Сары теңізі мен Еуропаның Жерорта теңізін жалғап жатқан өркениеттік байланыс арнасына айналған.
– Бұл дәліздің мәні тек экономикалық деңгейде емес. Бұл – Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тоғыстыратын өркениеттік көпір, – деді партия төрағасы.
Ертісбаевтың пайымынша, қазіргі Қытайды тереңірек түсіну үшін оның 5 мың жылға жуық үзілмеген мемлекеттілік тарихын, ел мен халықтың берік дәстүрлерін ескерген жөн.
– Қытай моделі – бұл бейбітшілік, даму және өркениеттер саналуандығына құрмет таныту үлгісі. Қазақстан үшін Қытай – стратегиялық әріптес. Біз осы жолға сенетін елдердің бәріне достық қолын созамыз. Біз осы жолмен бірге жүруге ниетті елдерге достық қолымызды созуға дайынбыз, – деп қорытындылады Ермұхамет Ертісбаев.