Халық қаһарманына тағзым

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы Ұлы Отан соғысының ардагері, Халық қаһарманы Семей қаласының тұрғыны Әбдіғали Қаймолдиннің 105 жасқа қараған шағында дүниеден өтуіне байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Әбдіғали аға – бүгінгі бейбіт өміріміз бен Тәуелсіздігіміздің негізін қалаған қаһармандардың бірі. Оның ерлікке толы өмір жолы – өскелең ұрпаққа үлгі, елге адал қызмет етудің айқын көрінісі.

Ол Сталинград қорғанысына, Харьков түбіндегі шайқастарға, Орел-Курск доғасындағы шешуші ұрыстарға, Шығыс Пруссия операциясы мен Кенигсбергті азат етуге қатысқан. Соғыстан кейінгі кезеңде де мемлекет ісіне белсене араласып, ел дамуына сүбелі үлес қосты.

Әбдіғали Қаймолдин Қызыл Жұлдыз, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ардагерге «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бұл – оның соғыс жылдарындағы қайсарлығы мен бейбіт замандағы қоғамдық қызметіне берілген жоғары баға. Ардагерге «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені де табысталды.

Әбдіғали аға соғыс жылдарында, яғни 1942 жылы Сталинград шайқасы қарсаңында партия қатарына қабылданып, өмірінің соңына дейін социалистік идеялар мен қоғамдық әділеттілік, теңдік, интернационализм қағидаттарына адал болды.

Қазақстан Халық партиясының ұжымы елін шексіз сүйген, ерлігімен де, еңбегімен де халқының жүрегінен орын алған азаматтың туған-туыстарының қайғысына ортақтаса отырып, көңіл айтады.

Марқұмның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.

Қазақстан Халық партиясы


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy