Халық партиясының депутаты оқу жылын ұзарту туралы шешімге қарсылық білдірді

dep.jpg Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова Оқу-ағарту министрлігінің оқу жылын ұзарту туралы шешімін терең ойластырылмай, атүсті қабылданған деп санайды. Мәжілісменнің пікірінше, аталмыш министрлік батысқа қарап бой түземей, шешімдерді ел ішіндегі ақиқатқа негіздеп қалыптастыруы қажет.

Бүгінде шенеуніктердің қолымен оқу жылы 31 мамырға дейін ұзартылғаны ақиқат. Бұған оқушылар да, ата-аналар да, көптеген ұстаздардың өзі де қарсылық білдіріп отыр. Ұлағат иелерінің күнтізбелік ұзарту оқу жоспарымен сәйкес келмейді деп дабыл қаққаны да көпке аян. Себебі, жоспарлы оқу аяқталып, қорытынды баға шықты. Сәйкесінше, білім алушылар да оқулықтарын тапсырды, мектепке келуге құлқы қашты. Ал министрлік болса, бұл үшін мұғалімдерге жаза беріп, қорқытып әлек. Қазір оқушылардың ата-аналары оқу жылын ұзартуға қарсы петиция дайындауда. Ал Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ЭЫДҰ елдерінің стандарттарына сүйеніп, министрлік шешіміне шаң жуытпай отыр.

ҚХП депутаты, білім саласындағы сарапшы әрі ұстаз Ирина Смирнова министрліктің бұл әрекеттерін сынға алды. – Бұл жүйелі ойластырылмаған әкімшілік шешім, – деді Мәжіліс депутаты журналистерге берген сұхбатында. – Бұл шешімде белгілі бір кәсіби негіз жоқ.

Ал ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесіне жүгіну әрекеттерін Смирнова дұрыс емес дейді. Өйткені қазақстандық оқушылар басқа елдердің балалары секілді күніне төрт сағат емес, 6-7 сағат сабақ оқиды. Сонымен қатар, депутаттың айтуынша, кейбір елдерде қысқы демалыс шамамен бір айға созылады.

– Олардың оқу жылының мүлдем басқа құрылымы бар, – деп атап өтті депутат. – Бізге ұсынылған нәрсе – министрліктің дұрыс шешім қабылдағанына сендіру үшін жасалған әдіс, яғни, бізді адастыру. Мәжілісменнің айтуынша, министрлік өз қатесін мойындап, оны түзетуге жұмыс жасауы тиіс. Ал бұған үміт бар. Себебі, жақында ведомство бұл мәселені қайта қарап, балалардың мүддесін ескеретінін айтты.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy