Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Ислам Сұңқар өңірлерге жасаған жұмыс сапары аясында Қаратал ауданына барды. Халық қалаулысы аудан әкімі Ұлан Досымбековпен, әкімдік қызметкерлерімен және ҚХП атынан аудандық мәслихат депутаты Эдуард Киммен бірге салынып жатқан және қайта жөнделіп жатқан бірнеше нысанды аралап көрді.
Ислам Сұңқар Үштөбе қаласындағы Көктөбе шағынауданында тұрмысы төмен азаматтарға арналған 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Былтыр бұл аумақта 60 үй тұрғызылған, оның 15-і инвесторлар мен демеушілер есебінен салынған. Қазіргі таңда тағы 50 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Баспана кезегінде 1400-ге жуық адам тіркелген. Құрылыс жұмыстары қатар жүргізіліп жатқан аумақты абаттандыру ісі де қолға алынған: жолдар мен тротуарлар төселіп, балалар алаңдары орнатылуда. Алдын ала болжам бойынша, құрылыс жұмыстары алдағы 1,5–2 ай ішінде толық аяқталып, пайдалануға беріледі.
Нысанды аралау барысында жобаның жүзеге асу қарқыны, құрылыс сапасы мен әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамту мәселелері талқыланды. Аудан басшылығы Отбасы банктің қазіргі ережелері мен талаптары тұрғындардың тұрғын үй бағдарламаларына қатысуын қиындатып отырғанын атап өтті.
Сапар аясында депутат Тастөбе ауылының маңындағы Қаратал өзенінің арнасын да көрді. Бұл жерде су тасқыны мен елді мекенді су басу қаупі жоғары екені айтылды. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін республикалық бюджеттен қаржы тартып, міндетті түрде Төтенше жағдайлар министрлігінің назарын аудару қажет.
– Бұл аумақ үшін су тасқынының қаупі өте жоғары, ауыл су астында қалуы мүмкін, – деп алаңдаушылық білдірді жергілікті тұрғындар.
Сондай-ақ Ислам Сұңқар Тастөбе ауылындағы Бастөбе сервис-технологиялық колледжі мен Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепте жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.