Министрліктегі бюрократия пациенттердің терапиясына кедергі келтіріп жатыр

dep.jpg Процедуралардың ойластырылмауының және ұзаққа созылған бюрократияның салдарынан қазақстандық пациенттер фармакологиялық препараттармен дер кезінде қамтамасыз етілмейді. Бұл мәселені Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары көтерді.

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов биыл халыққа көрсетілетін медициналық көмекті қаржыландыруға 2,5 трлн теңгеден астам, оның ішінде ТМККК бойынша – 1,4 трлн, МӘМС бойынша – 1 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылатынын атап өтті.

– Бүгінгі таңда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жеңілдік қарастырылған тізіміне инновациялық препараттарды енгізуде қиындық бар, – деді ол. – Еуропа мен АҚШ-та мақұлданған жаңа технологиялар Қазақстанда едәуір уақыттан кейін ғана қолжетімді болады. Бұл көрсетілетін медициналық қызметтің сапасына әсер етеді.

Препараттардың нарыққа толық шығуы және мемлекеттің пациенттерге шығынды өтеу үдерісі шамамен 5-7 жылды алады. Сонымен қатар тізімнің бір бөлігін бекітудің реттелмеген жиілігі және формулярлық комиссия жұмысының ашықтығы мәселесі бар.

– Препараттарды нарыққа шығару мерзімінің болмауы қазақстандық нарықты инвестиция үшін тартымсыз етеді, – деп атап өтті ҚХП депутаты. – Ең бастысы, пациенттер тіркелген препараттар бойынша терапияны уақытында ала алмайды.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қаржыландырудың жеткіліксіздігінің салдарынан медициналық ұйымдар сатып алу көлемін қысқартады. Бұл өз кезегінде ем алушыларды тығырыққа тірейді.

– Медициналық ұйымдардың басым бөлігі Қазақстанның фармацевтикалық нарығына қолжетімділіктің нашарлауынан қорқып, халыққа фармацевтикалық қамтамасыз етудің мәселелері, көмек көрсетудің кешігу фактілері туралы хабарламай, жеткізуді күтіп отырады, – деді М. Магеррамов. – Ал пациенттер осы аралықта терапиясыз қалады.

Қазақстан Халық партиясы препараттарды тіркеу рәсімін жетілдіруді, сондай-ақ бүкіл процесті цифрландыруды, адами факторды алып тастауды және пациенттердің инновациялық терапия алу уақытын қысқартуды ұсынды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy