© kaztag.kz
Қарағанды қаласының Орталық саябағындағы даулы құрылысқа тыйым салынды. Бұл туралы «КазТАГ» агенттігі Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасай отырып хабарлады. Қоғамдық жерге элиталық тұрғын үй кешенін салу Қарағанды тұрғындарының наразылығын тудырды. Бұл мәселені Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамбет Ертысбаев өз бейнеблогында көтерген еді. Ал ҚХП Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин бұл мәселе бойынша Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдады.
Агенттік тілшісінің хабарлауынша, құрылысқа тыйым салу туралы ақпарат сәрсенбі күні шыққан.
«Менің тапсырмам бойынша барлық құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Құрылыс компаниясы бұл туралы хабардар етілді…», – деп жазды Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы осыған дейін Бас прокурор Берік Асыловқа құрылыстың заңдылығын тексеру туралы өтініш жолдаған болатын. ҚХП депутаты Асылбек Нұралиннің айтуынша, Қарағанды қаласының орталығында, 1939 жылы негізі қаланған Орталық саябақ аумағында элиталық тұрғын үй кешені салынып жатыр.
– Онда ондаған жылдар бойы қолжетімді қоғамдық кеңістік болған жерде қазір екі деңгейлі паркингі бар мұнаралар бой көтеруде, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.
1998 жылы аумақ аттракциондар паркі ретінде пайдалануға берілген болатын, бірақ он жылдан астам уақыт бойы жер өз мақсаты бойынша пайдаланылмаған. Заң бойынша мемлекет бұл жерді өз меншігіне қайтаруға міндетті еді, бірақ ол жүзеге асырылмады. Сөйтіп, жер құрылыс салу үшін жеке тұлғалардың меншігіне өтіп кеткен.
– Орталық саябақ – қарағандылықтар үшін табиғатпен тыныстап, демалуға болатын санаулы қоғамдық орындардың бірі еді. Мұндай жағдайлар қоғамда әлеуметтік шиеленісті үдетіп отыр, - деді Нұралин.
ҚХП депутаты сондай-ақ, қарағандылық шенеуніктердің әрекеттері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экология мәселелерін және қоғамдық кеңістіктерді сақтау мәселелерін мемлекеттік саясаттың басым бағыттары ретінде жариялаған тапсырмаларына қайшы келетініне таңданғанын жасырмады.