ҚХП депутаттары адам саудасына қарсы іс қимыл жөніндегі заң жобасымен жұмыс істеуде

dep.jpg Ішкі істер министрлігі Мәжілісте «ҚР Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын таныстырды. Қазақстан Халық партиясынан Мәжіліске сайланған депутаттар осы мәселе бойынша ұсыныс әзірлеп жатыр.

Ішкі істер вице-министрі Ержан Сәденов атап өткендей, жыл басынан бері елімізде адам саудасына қатысты 65 қылмыс тіркелді. Адам саудасының түрлі формалары бар. Бұған жәбірленушілерді жыныстық қанау, (оның ішінде оларды басқа елдерге әкету), еңбекке, қайыр сұрауға мәжбүрлеу немесе ағзасын алу мақсатында қорлық көрсету жатады. Соңғы уақытта жаңа туған нәрестелерді сату фактілері көбейіп кетті.

– Адам саудасы өзекті мәселе болып қала береді, – деді вице-министр. – Бұл табысты және еш іркіліссіз жүретін бизнес.

Заң жобасында «Адам саудасының құрбаны», «Адам саудасының ықтимал құрбаны», «Осал жағдай» және басқа да ұғымдарды қамтитын жаңа тұжырымдамалық аппаратты қарастыратын 6 тарау, 22 бап бар. Құжатта мемлекеттік органдар мен азаматтық сектордың кешенді жұмысын қамтитын адам саудасына қарсы іс-қимыл жүйесі қалыптасқан.

Құжаттың бір тарауы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғауға арналған. ҚХП депутаты Кенжеғұл Сейітжанның пікірінше, жекелеген нормаларда ерекше қажеттілігі бар адамдардың құқығын қорғау мәселесі «жалпы шарт» негізінде қарастырылған.

– Мүгедектігі бар адамдарды қайыр сұрауға мәжбүрлейді, – деп атап өтті мәжілісмен. – Осы тұрғыда алғанда олар қорғалмаған.

Депутат ақыл-ой кемістігі бар адамдар заңсыз қанау мен жыныстық қатынасқа да тартылатынына тоқталды. – Заң жобасында мүгедектігі бар адамдар туралы нақты айтылмаған, – деді К. Сейітжан. – Бірақ азаматтардың бұл санаты да ерекше қорғауды қажет етеді.

Депутат заң жобасымен жұмыс істеу барысында мұндай нормаларды қосуға болатынына үміт артып, сенім білдірді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy