Миллиардтар бөлінгенімен, нәтиже жоқ

Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ирина Смирнова жұмыс сапарымен Жамбыл облысының Шу ауданына барды. Депутат Шу қаласы мен Төле би, Алға ауылдарын аралап, тұрғындармен кездесті. Мұндай сапарлар сайлаушылардың мәселелерін жергілікті жерде зерделеуге мүмкіндік береді.

Халық қалаулысы елді мекендердегі инфрақұрылымның жағдайын көріп, қатты қынжылғанын жасырмады.

– Мұнда атқарылар жұмыс өте көп. Мәселен, қала ішіндегі жолдар жөндеуді қажет етеді. Ал 4-5 жыл бұрын салынған төрт жолақты жолдың өзі бүгінде шөгіп, бүлініп жатыр. Ал Кайнар ауылынан Шу қаласына дейін мүлде жол жоқ! Ескі асфальтты алып тастағанымен, жаңасын төсеген ешкім жоқ. Үш жылдан астам уақыт өтті – бұл 50 шақырымдық шұрық-тесік жолсыз аймақ! – деді Ирина Смирнова.

1

Алайда өңірдің ең өзекті мәселесі – ауызсу тапшылығы. Шу қаласындағы кездесуге Мойынқұм ауданына қарасты Ақсүйек ауылынан қоғамдық белсенділер арнайы келді. Бір кездері уран өндіру және өңдеу комбинаты жұмыс істеген, халқы 14 мыңнан асқан бұл ауыл бүгінде небәрі 700 тұрғыны бар шағын елді мекенге айналған. Бұған басты себеп – сумен қамту жүйесінің істен шығуы. Ескі құбыр әбден тозған, ал 1,5 миллиард теңге бөлінген жаңа су құбыры әлі күнге дейін жұмыс істемейді. Дәл осындай қиын жағдай Мирный және Шаған ауылдарында да қалыптасқан. Ауыл халқы негізінен тасымалданатын сумен күн көруге мәжбүр.

– Су кейде ғана беріледі. Оның өзі сорғылар жұмыс істеген кезде ғана. Ал бұл құрылғылардың құрылысы кезінде оларға электр қуатын жеткізу қарастырылмаған. Қазір дизель генераторы арқылы жарық беріп отырмыз. Бірақ оның өзі қымбатқа түседі. Дизель отынына қаражат жиі бөлінбейді. Сөйтіп, халыққа су «кейде» ғана келеді, – деді тұрғындар.

Депутат инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарын аралау барысында жергілікті тұрғындармен осы аймақтардың дамуы және игерілу мәселелерін талқылады. Әсіресе, су және электр желілерінің жағдайы, жаңа учаскелерді орталықтандырылған жүйеге қосу мүмкіндігі сөз болды. Алайда мұнда да оң өзгерістер байқалмайды. Мемлекет қаржысы көбіне пайдасыз жобаларға жұмсалады. Электр көзіне қосылмаған сорғы қондырғылары соның бір мысалы.

2

– Шыны керек, егер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет шынымен жұмыс істесе, мұндай жағдайлар болмас еді. Қайда қарасаң да, халықтың ақшасы тиімсіз жұмсалып жатыр, – деді Ирина Смирнова.

Мәселенің салдары да анық: халық саны азайып, тұрғындар ірі қалаларға жаппай көше бастаған.

– Су, жол, инфрақұрылым болмаса, бұл өңірде кім қалғысы келеді? Әрине, бәрі Астана мен Алматыға көше бастайды!Сондықтан ауыл-аймақта адамдар өмір сүруге лайықты жағдай жасауымыз керек. Сонда ғана халық өз туған жерінен безбейді! – деді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy