Су тапшылығы мәселесі шешімін таппақ

Жетісу облысына жасаған жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаты, Ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі комитет мүшесі Ислам Сұңқар Кербұлақ ауданына барды. Іссапар барысында халық қалаулысы өңір басшыларымен кездесіп, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Негізгі назар Сарыөзек ауылындағы су құбыры желілерінің қайта жаңғырту жұмыстарына аударылды.

Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатовпен өткен кездесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелері мен оларды шешу жолдары талқыланды. Ауылдардағы ауызсу тапшылығы – республика үшін өзекті проблема, сондықтан су құбыры және кәріз жүйелерін салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесі жеке сөз болды.

1

2

Әкімнің айтуынша, Сарыөзек ауылында соңғы 60 жылдан бері шешілмей келе жатқан ауызсу мәселесі бүгінде кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Ауданда су құбыры желілерін күрделі жөндеу және қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, су құбырының жалпы ұзындығы – 89 шақырым, соның 47 шақырымы бүгінде жаңартылған. Жалпы жобаның құны – 4,5 млрд теңге. Қазіргі таңда республикалық бюджеттен 600 млн теңге, облыстық бюджеттен қосымша 900 млн теңге бөлінген. Бұл қаражат Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабайдың қолдауы арқасында іске асқан.

3

4

– Дегенмен жобаны толық аяқтау үшін қосымша 3 млрд теңге қажет, – деді Қанат Есболатов.

5

Бұл мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр. Себебі республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлініп-бөлінбейтіні әзірге белгісіз. Соған қарамастан, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған. Халықты ауызсумен жедел қамту және әлеуметтік шиеленісті төмендету мақсатында мердігер компания өз қаражаты есебінен жұмысын тоқтатпай жалғастыруда.

6

– Қазіргі таңда нысанда алты құрылыс бригадасы үздіксіз еңбек етуде, – деді аудан әкімі.

Ислам Сұңқар жұмыс сапары барысында Ақбастау ауылына арнайы барып, ондағы желі тарту жұмыстары мен заманауи модульді су айдау стансасының орнатылу барысымен танысты. Бұл станса ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен тұрақты қамтуға мүмкіндік береді. Бүгінде құрылыс жұмыстарының жартысы аяқталған.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy