Қазақстан Халық партиясының Мәжілістегі фракциясы Алименттік қордың пилоттық жобасын құруды ұсынды. Бұл қордың мақсаты – ең осал санаттағы кәмелетке толмаған балалардың, яғни мүгедектігі бар балалардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету.
Алимент төлемеу мәселесін ҚХП 2016 жылдан бері көтеріп келеді. Алайда Үкімет бұл мәселені шешуге немесе оның салдарын азайтуға қауқарсыз болып отыр. Өз кезегінде партия мүшелері бірнеше рет алимент төлемдері мәселесін шешудің жолы ретінде арнайы қор құруды ұсынған болатын. ҚХП жобасына сәйкес, бұл қор мемлекеттік бюджетке салмақ түсірмейді, өйткені ол салықтық емес түсімдер есебінен қаржыландырылып, кейін қор шығындары борышкерден өндіріп алынады.
– Үкімет неден көбірек қорқады: борышкерлердің масыл болуынан ба, әлде алимент ала алмай отырған балалардың кедейлікте өмір сүруінен бе? Қазіргі таңда Үкімет Алименттік қор құрудан бас тарта отырып, борышкерлердің жағдайын көбірек ойлап, балалардың мүддесін елеусіз қалдырып отыр, - деді ҚХП фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов.
Алименттік қорға жұмсалатын артық шығындардан қауіптенген мемлекет жыл сайын проблемалық алимент істерімен айналысатын жеке сот орындаушыларының қызметіне жүздеген миллион теңге жұмсайды.
– Біз тек осы тәсілді ұтымды етіп қайта қарауды ұсынамыз. Бюджет қаражатын мәселені шешіп жатқандай кейіп танытуға немесе сот орындаушыларын қолдауға емес, тікелей балалардың қажеттіліктеріне бағыттаған жөн, - деді депутат.
Алиментке мұқтаж балалардың арасында мүгедектігі бар балалар аз емес, бұл мәселенң өзектілігін арттыра түседі. Мұндай толық емес отбасылар мемлекет тарапынан қолдауға аса мұқтаж.
– Баланы жалғыз өзі бағып отырған ата-ананың көп жағдайда толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндігі болмайды, Ал ерекше баланың емделуіне, оңалтуына және бақылауына қосымша шығын қажет, - деп нақтылады Магераммов.
Осыған байланысты, ҚХП фракциясы мүгедектігі бар кәмелетке толмаған балалардың қажеттіліктерін өтеуге бағытталған Алименттік қордың пилоттық жобасын шұғыл түрде әзірлеуді және іске қосуды ұсынады. Сонымен қатар қордың шығындарын (өсімпұл мен айыппұлды қоса есептегенде) борышкерден өндіріп алу тетігін де қарастыру қажет.