Қазақстан Халық партиясының өкілдері, сарапшылар мен заңгерлер тікелей эфирде адвокатура институттары мен заң кеңесшілерінің құқықтық мемлекеттің дамуындағы рөлін талқылады.
Бұл ҚХП өткізген алғашқы қоғамдық пікірталас емес. Мәселе күні бүгінге дейін өзекті болып тұр. Қазақстандық адвокаттың өзін қорғау қажет болып жатса, ол клиенттің құқығын қалай қорғайды? Құқық қорғау мекемелеріне кірген кезде қорғаушыдан оның «еңбек құралдары» смартфоны мен ноутбугы алынады.
Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Игорь Вранчев атап өткендей, мәселенің тамыры тереңде.
– Мұның тараптардың бәсекелестігіне ешқандай қатысы жоқ, – деп нақтылады Вранчев. – Адвокаттың ғимараттарға еркін кіру құқығынан бастап, сараптама жүргізуіне дейін шектеу қойылып, қысым жасалуда.
Сонымен қатар адвокаттар қауымдастығы үнемі бақылауда. Заң кеңесшілері қауымдастығының төрағасы Фарид Әлиев Қазақстанда республикалық заң кеңесшілері алқасы институтын енгізу идеясын сынға алды.
– Кез-келген монополиялық құрылымның қоғам үшін бірнеше қаупі бар, ¬–деді ол. – Бұл биліктің бір қолға шоғырлануына әкеліп соқтыруы мүмкін. Қазір палаталар мен бірлестіктерде белгілі бір плюрализм мен көпшілік бар. Егер, қатаң вертикаль жасалса, бұл биліктің шоғырлануына, тәуелсіз заңды қоғамдастыққа қысым жасау мүмкіндігіне және авторитарлық тенденцияның күшеюіне негіз болады.
Қызу талқылау заң кеңесшілеріне әкімшілік іс жүргізуге заңнамалық мүмкіндік беру туралы ұсыныс туғызды. Бір жағынан кеңесшілердің қатысуы осы саладағы бәсекелестікті күшейтеді. Екінші жағынан, қазір көптеген әкімшілік істер, жауапкердің таңдауы бойынша, қорғаушылардың қатысуынсыз өтеді, алайда адвокат жеткілікті. Жақын арада жағдайдың айтарлықтай өзгеруі екіталай.
Халық үшін өңірлердегі адвокаттық қызметтің қымбаттығы ең өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Алайда сарапшылар бағаны жүйелеу мәселесін сөз етуге ықылас танытпады.
– Бізде мұның барлығын нарық реттейді, – деп атап өтті заңгерлер. – Яғни бағаны клиент пен адвокат өзара келісіп шешеді. Егер, клиент белгілі бір соманы төлей алса және адвокат осы ақшаға жұмыс істеуге келіссе, онда қандай реттеу болуы мүмкін? Адвокат құл емес және оның да қандай да бір істі таңдау құқығы бар.