Елорда тұрғындарының мәселелері «Халық микрофоны» студиясында талқыланды. Сарапшылар ретінде Қазақстан Халық партиясынан ҚР Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Найля Аппасова мен Қуат Ерғалиев, сондай-ақ сәулетші Санжар Қазиев эфирге шақырылды.
Астана тұрғындарының жанайқайы нендей? Бітпейтін кептелістер, тұрақ орындарының, балабақшалар, мектептер мен емханалардың жетіспеушілігі. Бұл мәселенің шеті ғана. – Негізгі түйткіл елорданың нүктелі құрылыстары, – дейді Н.Аппасова. – Тәжірибе көрсеткендей, бізде ретсіз әрі тығыз салынатын құрылыстардың зардаптарына ешкім жауап бермейді. Салдарынан көптеген мәселелердің туындауына жол ашып отыр.
Ал Қуат Ерғалиев: – Астана секілді мегаполистерде демографиялық және миграциялық өсім қатты сезіледі. Бұл көші-қонға байланысты туындап отырған мәселе. Аталмыш түйткіл тек елордаға ғана тән емес. Іргелі қалаларда халық саны да күн санап артып келеді, – деді.
Қазақстан Халық партиясы бірнеше рет нүктелі құрылыс мәселелерін көтерді, оның ішінде жоспарланған саябақтар, скверлер мен мектептердің орнына заңсыз салынатын көпқабатты үйлерге табанды қарсы болды. Тіпті, елордалықтармен бірге бейбіт митингтерге де қатысты.
– Менің ойымша, нүктелі құрылыс мәселесін шешу өте қарапайым, – дейді Қуат Ерғалиев. – Ол үшін біздің партия ұсынғандай, әкімдерді сайланбалы ету қажет. Тағайындалған әкім оның бұйрығына қой қойған адамға тәуелді болады. Егер оны халық сайласа, мұндай әкім өз сайлаушыларына арқа сүйеп, халықтың мүдделерін ескерер еді.
Халық партиясы нүктелі құрылысты тоқтатып, заңсыздыққа жол берген лауазымды тұлғалар қатаң жазалануы тиіс деп есептейді.