Елордада өрт қауіпсіздігі мәселесі өзекті болып тұр. ТЖМ дерегі бойынша, биыл Астана аумағында 682 өрт болды, оның 105-і көппәтерлі тұрғын үйде тіркелді.
Қазақстан Халық партиясы өрттен қорғауды қамтамасыз ету бойынша пәрменді шаралар әзірлеуді ұсынды.
ҚХП депутаты Гаухар Нұғманова Астанадағы көпқабатты тұрғын үй кешендерінің бірінде болған соңғы төтенше жағдайды алға тартты.
– Жанып жатқан пәтерден бес адам, оның ішінде бір бала құтқарылып, он адам эвакуацияланды, – деп еске салды ол. – Өртті сөндіру барысында екі өрт сөндіруші зардап шекті. Адамдарды құтқаруға қатысқан өрт сөндіруші Асқар Забикулин ауруханада қайтыс болды.
Мәжілісменнің мәлімдеуінше, өрт сөндірушінің батырлығы дау туғызбайды. Алайда өрт қауіпсіздігі ережесі сақталса, оның қайғылы қазасына жол бермеуге болатын еді. Өкінішке қарай бұл мәселе бізде ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келеді.
Көпқабатты тұрғын үйлерде өрт туралы хабарлау жүйесі, түтін шығару және өрт сөндіру автоматикасы жоқ. Бірінші қабатта, жертөледе қосалқы эвакуациялық шығу жолы жабық немесе жоқ. Тұрғындар дәліздер мен вестибюльдерді жауып тастайды немесе қажетсіз мүлікпен толтырып қояды.
Өрт сөндірушілердің көпқабатты тұрғын үйлерге жақындауы үнемі қиындық туғызады. Тұрғындар жолды автокөлікпен жауып тастайды және үй маңындағы аумақты қоршап қояды. Тағы бір мәселе – елордада өрт сөндіру деполары жетіспейді. Қаланың шалғай аймағына жету үшін өрт сөндіру көлігіне кептелісті есептемегеннің өзіндде кем дегенде 20 минут немесе жарты сағат (норматив бойынша - 5 минут) қажет.
– Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде түбегейлі өзгеше тәсіл қолдану керек, – деп түйді ойын Нұғманова. – Мемлекеттік өртке қарсы қызметтің бақылау және қадағалау міндетін уақыт талабына сәйкестендіру керек.
Қазақстан Халық партиясы Үкіметке өрттен қорғау жүйелерін күшейту жөніндегі нормативтік құжаттарға өзгеріс пен толықтыру енгізуді, сондай-ақ «Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің перспективалық жоспарын» әзірлеуді және бекітуді ұсынды.