Мәжілістің 2023 жылғы бірінші пленарлық отырысында 2022 жылғы қаңтар оқиғасы талқыланды. Қайғылы жағдайға не себеп болды, бейбіт митинг қалай басбұзарлыққа, кісі өлтіруге, тәртіпсіздікке ұласты? Мұның артында кім тұрды, дәл осындай жағдайдан аулақ болу үшін не істеу керек?
Отырыс қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандарды еске алу мақсатында бір минуттық үнсіздікпен басталды.
Бұл жолы қарақшылар – қарақшы, тонаушылар – тонаушы екені айтылды. Бас прокурор Берік Асылов бейбіт наразылық аясында мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыру әрекеті орын алғанын мәлімдеді.
Қанды қырғынға Кәрім Мәсімов бастаған ҰҚК басшылығы, сондай-ақ құқық қорғау және күш құрылымдарының басшылық құрамының басқа да өкілдері бастамашы болды. Олар сондай-ақ арнайы дайындалған бандаларға жетекшілік етті.
Кейін не болғанын барлығы біледі: тонау, қару-жарақ дүкендері мен полиция учаскелерін басып алу, әкімшілік ғимараттарды өртеу және т.б. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-ның халықаралық күштерін көмекке шақыруға мәжбүр болды.
Сол күндері 238 адам қайтыс болды, оның 19-ы әскери және қауіпсіздік қызметкерлері. 3,5 мыңға жуық әскери адам мен полицей түрлі дәрежеде жарақат алды.
ҚХП депутаты Ерлан Смайлов атап өткендей, басбұзарлар мен қастандық жасаушылар халықтан қолдау таппады.
– Қаңтар оқиғасы көптеген отбасыға қайғы әкелді, тұрақтылық, келісім сияқты құлаққа таныс ұғымдардың қаншалықты нәзік болатынын көрсетті, – деп атап өтті ол. – Бірақ екінші жағынан, бұл оқиға елді біріктірді.
Оның әріптесі, ҚХП депутаты Магерра Магеррамов сол күндері халық Мемлекет басшысын қолдап, қастандық жасаушылардың саяси амбициясының орындалуына жол бермегеніне назар аударды.
– Қоғамды қорғауға және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге тиісті жоғары лауазымды мемлекеттік тұлғалардың іс жүзінде мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға қатысты болғаны қорқыныш туғызады, – деді ол.
Мәжілісменнің пікірінше, қайтыс болған 250-ге жуық адамның қазасына қатысы бар қылмыскерлерден батыр жасауға тырысу қауіпті.
– Бүгінгі таңда бізге әлеуметтік желі арқылы таңуға тырысып жатқан эмоцияларға берілмеу өте маңызды, – деді Магеррамов. – Мен басбұзарлардың әділеттілік үшін күрескердің кейпіне еніп, сатқындық жасағысы келгендігін айтып отырмын. Абырой болғанда қоғам Маңғыстаудағы секілді кейбір экономикалық мәселелерді шешкісі келетіндерді және бейбіт митингті саяси экстремизмге айналдыруға талпыныс жасайтындарды ажырата біледі. Осылай болуы керек.