Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолданған депутаттық сауалда ерекше қажеттілігі бар пациенттерге стоматологиялық көмек көрсетудегі кемшілік баяндалған болатын.
Сол кезде депутат Магеррам Магеррамов мемлекеттік стоматологияда «Севорон» қауіпсіз анестезиясының тапшы екенін мәлімдеген. Ол жекеменшік клиникалардан «Севорон» препаратын сатып алатын мүгедектігі бар балалардың ата-аналары ем-домға 150-300 мың теңге артық ақша жұмсауға мәжбүр болатынын айтқан.
– Шамасы, Денсаулық сақтау саласындағы шенеуніктер мүгедектігі бар балалар тіс ауруынан зардап шекпейді және тіс ауруын сезінбейді деп санайды, – деген еді сол кезде ҚХП депутаттары.
Партия өкілдері тегін қызмет көрсету регламентіне тісті фторлау мен кәсіби тазалауды, брекет орнатуды және жоғары жарықпен қатайтатын пломба пайдалануды ұсынған.
Премьер-министрдің жауабында МӘМС шеңберіндегі стоматологиялық көмек мүгедектігі бар адамдарға тегін көрсетілетіні атап өтілді. Бұған қоса амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидасына сәйкес жалпы анестезиямен, «Ингаляциялық наркозбен» стоматологиялық қызмет көрсету медициналық қызмет тізбесіне енгізілген және белгісі болған кезде 18 жасқа дейінгі балаларға, оның ішінде мүгедек балаларға да ұсынылады. Сонымен қатар стоматологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартының жобасы әзірленді.
«...Стандарт жобасында балалардың тісін профилактикалық тексеру, аллергологиялық сынама жүргізу, жоғары жарықпен қатайтатын пломбапайдалану және т.б. көзделген, – делінген жауапта. – Сапалы қызметке қолжетімділікті арттыру үшін 2023 жылдан бастап «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ пен стоматологиялық клиникалар арасында шарт жасау жоспарлануда...».