Қазақстан Халық партиясы Үкіметтен отандық ғылымды аяқтан шалмауды және «Ұлттық биотехнология орталығы» ЖШС - ны (ҰБО) ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «QazBioPharm» холдингінің (Холдинг) құрамынан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің қарамағына қайтаруды сұрады.
ҰБО ғалымдарының ұжымы дабыл қақты. Олар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа да, ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловқа да хат жолдады. Алайда орталықтың сарапшы ғалымдары Денсаулық сақтау министрлігінің ашық қарсылығына тап болды.
– Айта кету керек, министрліктегілердің ешқайсы Холдингте қалыптасқан мән-жайды анықтау үшін ҰБО ғалымдарымен бетпе-бет кездесу өткізген жоқ, – деді депутат Ирина Смирнова Мәжілістің пленарлық отырысында. «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары Қазақстан Республикасының үкіметіне Холдинг құру туралы асығыс шешім қабылданғанын, жетекші ғылыми ұйымдар биофармацевтикалық өндіріс мұқтаждығы үшін жасанды түрде біріктірілгенін, мәселені ашық талқылауға сарапшылар, бейінді ведомстволар, мүдделі институттар мен ғылыми қоғамдастық өкілдері тартылмағанын жеткізді.
– Холдинг құру ғылымның барлық бағытын жоғалтуға алып келеді, кейін қалпына келтіру іс жүзінде мүмкін болмайды, – деді мәжілісмен. – Бұл туралы ҰБО ғалымдарының өздері мәлімдеп жатыр. Олар Холдингте қабылданып жатқан шаралармен танысып, ғылымның ашық моделі мен академиялық еркіндікке қайшы әрекет жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Мамандардың мәлімдеуінше, іргелі және қолданбалы биологияның түрлі бағыттарын қамтитын ҰБО-ның кең ғылыми қызметі тар профильді биофармацевтикалық өндіріске дейін қысқарады. Бұл бейінді емес зертханалардың жабылуына және ғылыми кадрлардың жоғалуына әкеп соғады, кейін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мемлекеттік саясатымен және басқаруымен 30 жыл бойы құрылған және қалыптасқан ҰБО ғылыми әлеуетінің синергетикалық әсері бұзылады.
Қазақстан Халық партиясы биология саласындағы Қазақстанның жетекші ғалымдарының – ҰБО ғалымдарының үніне құлақ асуды және олардың ұйымын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетіне қайтаруды ұсынды. Фракция депутаттарының пікірінше, осылай ғана Қазақстан аграрлық, медициналық және биотехнологиялық салалардың қолданбалы аспектілерін дамытудың кепілі ретінде Қазақстандағы іргелі биология ғылымының көкжиегін кеңейте алады.