Жер қойнауын пайдалану: өнімді бөлу келісімі қалай болмақ?

dep.jpg Қазір Парламент Мәжілісі жер қойнауы және оны пайдалану туралы заңнамаға түзетулер енгізуде. Мұнда сонау 90-шы жылдары Қазақстан жасаған өнімді бөлу туралы келісімдердің ендігі «тағдыры» қалай болмақ деген сұрақ бар. Себебі, ол кездері инвестициялау мәселелері отандық заңнамаға әлі енбеген еді.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекстегі жаңа нормалар әлеуетті инвесторлармен өзара қарым-қатынасты жетілдіруге бағытталған.

– Заң жобасының негізгі мақсаты – көмірсутектерді геологиялық барлаудың инвестициялық тартымдылығын арттыру болып табылады, – деп атап өтті Мәжіліс депутаттары. – Түзетулер базалық жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптама жүргізу рәсімін оңтайландыруға, сондай-ақ кен орындарын игеру процесінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаржылық және әкімшілік шығындарын азайтуға бағытталған.

Алайда, көптеген депутаттар Қазақстандағы жер қойнауын пайдалану мәселесін әлдеқайда ауқымды қарастыру керек деп санайды. Бұқаралық ақпарат құралдарына шыққан мәліметке сәйкес, Қазақстан өндірілетін мұнайдан мардымсыз үлес алады. Осы орайда мәжілісмендер өнімді бөлу туралы келісімдердің шарттарын БАҚ арқылы жариялауды талап етіп отыр. Әзірге бұл ұсынысты ешкім растамады немесе жоққа шығармады.

– Кодекске сәйкес жаңа ӨБК болмайды, – деп атап өтті депутаттар. – Бірақ ескі ӨБК-ның күшін ешкім жойған жоқ. Екінші дәйек – ӨБК халықаралық заңдарға негізделмеуі тиіс. Себебі, бұл қисынға да келмейді. Жер қойнауының иесі – Қазақстан халқы. Шетелдіктердің бұл іске араласуға ешқандай құқығы жоқ.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та ӨБК мәселесін көтерді. Өзінің сұхбаттарының бірінде ол келісімдердің шарттарына сол кездегі республиканың мүдделері негізінде қол қойылғанын атап өтті.

– Бізде шетелдік инвестицияларды тарту туралы заңдар болған жоқ, – деп еске салды Мемлекет басшысы. – Сол кезде өнімдерді бөлу туралы келісім қолайлы қадам болып көрінді. Енді 30 жыл бұрын жасалған келісімді өзгертетін уақыт жетті. Қазір түзетулерді мұқият жасаймыз.

Бұған дейін Қазақстан Халық партиясы Конституцияға енгізілген Қазақстанның жер қойнауы мен басқа да байлығы халыққа тиесілі деген түзетудің енгізілуіне бастамашылық еткен еді. Жағдайды партия төрағасының орынбасары, ҚХП фракциясының жетекшісі, Заңнама және құқықтық реформа комитетінің хатшысы, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов түсіндірді. Оның айтуынша, қандай да бір шешім қабылдамас бұрын мәселенің заңды жағын мұқият зерделеу керек.

– Бізге ұнасын не ұнамасын, Конституция бойынша халықаралық шарттар ұлттық заңнамадан басым тұрады, – деп еске салды мәжілісмен. – Біз әрбір мемлекетпен серіктес болуымыз керек.

Магеррамовтың пікірінше, қазіргі жағдайды ескере отырып, шарттарды қайта қарауға болады, бірақ бұл процесс тек құқық шеңберінде жүргізілуі керек.

– Біз – барлық уағдаластықтарды орындайтын мемлекетпіз, – деді депутат. – Мен эмоционалды шешімдердің жақтаушысы емеспін. Егер біз өз Ата-заңымызды қатаң ұстануды тоқтатсақ, ақыры не болады?


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy