Депутат Жетісудағы колледждердің жай-күйімен танысты

Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі әрі «JAS ORTA» жастар қанатының жетекшісі Ислам Сұңқар жұмыс сапарымен Жетісу облысына барды.

Іссапар барысында ол облыс басшылығымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, агроөнеркәсіптік кешенді қолдау және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолайлы жағдай жасау мәселелерін талқылады. Тараптар мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша пікір алмасып, орталық және жергілікті билік арасындағы тиімді ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

1

2

Кейін Ислам Сұңқар Талдықорған қаласындағы бірнеше колледжді аралады. Солардың бірі – құрылыс-техникалық колледжі. Депутат оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысып, оқу кабинеттері мен зертханаларды көрді, сондай-ақ оқытушылар құрамымен және әкімшілікпен кездесті. Кездесу барысында халық қалаулысы партияның Парламенттегі қызметі мен әзірлеп жатқан заң жобалары туралы айтып берді. Ал педагогтер өздерін толғандыратын мәселелерді жеткізді.

3

– Әсіресе, колледж оқытушыларының жалақысының төмендігі мен жоғары жауапкершілігі, тұрғын үй кезегіне тұрудағы қиындықтар және өзге де әлеуметтік түйткілдер жиі көтерілді, – деді Ислам Сұңқар кездесуден кейін.

4

Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде де депутатпен кездесу өтті. Колледж басшылығы қонаққа оқу кабинеттері мен зертханаларды аралатып көрсетті.

7

– Оқытушылар білім беру мекемелерінде халықаралық сертификаттау жүйесін енгізудің алғашқы кезеңі басталғанын атап өтті. Бұл жүйе студентке дипломмен қатар кәсіби дағдысын нақты растайтын құжат алуға мүмкіндік береді. Алайда, әзірге мұндай сертификаттау тек бірнеше оқу орнында пилоттық негізде ғана іске асуда, – деп нақтылады депутат.

8

Депутат өнеркәсіптік индустрия және жаңа технологиялар колледжіне де барды. Мұнда да оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысып, ұжыммен кездесті. Көтерілген мәселелер негізінен қаржыландыруға қатысты болды. Әсіресе колледждің өзін-өзі қаржыландыруы және жасаған өнімін – дәнекерлеу құрылымдары, жиһаз, тұрмыстық бұйымдар секілді – заңды жолмен сату мәселесі қозғалды. Қолда бар өндірістік әлеуетке қарамастан, оны толық іске асыруға заңнамалық шектеулер кедергі екені айтылды.

9

– Сондай-ақ, колледж оқытушыларының жалақысы өте төмен, соның салдарынан білікті кадрларды ұстап тұру қиын. Әсіресе, техникалық және қолданбалы бағыттарда мамандар тапшы. Колледж оқытушылары мен мектеп мұғалімдерінің жалақысына қосылатын үстемақылардағы теңсіздік те мәселе ретінде көтерілді, – деді Сұңқар.

10

11

Колледждердегі кездесулер қорытындысында депутат айтылған мәселелерді бақылауға алып, тиісті мемлекеттік органдарға жеткізетінін айтты.

12

13

– Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл сала қызметкерлерінің мүддесін қорғау үшін Қазақстан Халық партиясы жұмысын жалғастыра береді, – деп түйіндеді Ислам Сұңқар.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy