ҚХП-ның екі өкілі әкім болып сайланды

Қазақстан Халық партиясының екі өкілі ауылдық округ пен кенттің әкімі болып сайланды. Мұратбек Қабанбаев – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданына қарасты Чапаев ауылдық округінің, ал Тасболат Сейденов – Ақмола облысы Есіл ауданына қарасты Қызылжар кентінің әкімі болды.

Мұратбек Қабанбаев сайлаушылардың жалпы санының 67,7 пайыз дауысын жинады. Үгіт-насихат жұмыстары кезінде партия кандидаты өз тәжірибесіне және мемлекеттік басқару саласындағы кәсіби біліміне сүйене отырып, өзекті мәселелерді шешуге дайын екенін, халықпен ашық әрі тиімді байланыс орнатуға ұмтылатынын көрсеткен болатын.

Қабанбаев – құқық саласының кәсіби маманы, ішкі істер органдарында 26 жыл еңбек еткен, полиция подполковнигі шенінде Алтай ауданы полиция бөлімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.

– Халық алдындағы жауапкершіліктің зор екенін жақсы түсінемін. Әкім ретіндегі басты міндетім – округ пен тұрғындардың мүддесін кәсіби деңгейде қорғап, мемлекеттік аппараттың жұмысын тиімді ұйымдастыру, – деген еді Қабанбаев.

1

Қызметке кіріскен соң жаңа әкім су құбыры, жол, байланыс секілді инфрақұрылым мәселелерін шешіп, рұқсатсыз пайда болған қоқыс үйінділерін жоюды, елді мекендерді абаттандыру жұмыстарын жалғастыруды, ауыл шаруашылығы мен туризм бағытында бірнеше жаңа жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Ал оның әріптесі Тасболат Сейденов – экономика және құқық салаларының маманы, жалпы еңбек өтілі – 35 жыл. Ол құқық қорғау органдарынан бастап мемлекеттік қызметтің түрлі салаларында жұмыс істеген. Халықпен тікелей жұмыс істеуде тәжірибесі мол, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары білікті маман.

– Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінде жауапкершілік пен сенім – басты қағидалар, – дейді Сейденов.

2

Қызылжар кентінің әкімі ретінде ол елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруды және тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуді басты мақсат етіп отыр.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy