«Заң және тәртіп» акциясы аясында Ақмола облысында ерекше шара өтті. Ішкі саясат басқармасы, Полиция департаменті және Қазақстан Халық партиясының Ақмола облыстық филиалы бірлесіп, «Интернет алаяқтыққа жол жоқ» атты асфальтқа сурет салу байқауын ұйымдастырды.
Байқауға 18 жасқа дейінгі балалар онлайн және оффлайн форматта қатысты. Офлайн түрде қатысқандар Көкшетаудағы Тәуелсіздік алаңына келіп, суреттерін сол жерде салды. Ал онлайн қатысқан балалар өз туындыларын суретке түсіріп, ұйымдастырушылардың электронды поштасына жолдады. Хатта жас суретшінің аты-жөні, жасы, оқитын мектебі және байланыс нөмірі көрсетілуі тиіс болды.
Байқаудың басты ұраны:
«Шығармашылық арқылы интернеттегі қауіпсіздікке үлес қос!» – деген үндеу болды.
Қазылар алқасының шешімімен 13 жастағы Әділхан Зақария байқаудың жеңімпазы атанды. Ол бордың көмегімен тақырыпты мазмұнды әрі көркем жеткізетін мәнді туынды салған. Жас дарынға Қазақстан Халық партиясының Ақмола облыстық филиалы атынан құнды сыйлық – домбыра табысталды. Сыйлықты партияның Орталық аппараты ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Нұрдәулет Оразханов тапсырды.