Қоғамдық диалог

Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясының өкілі Асылбек Нұралин өңірлерге жұмыс сапары аясында Павлодар облысына барып, облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченкомен кездесті.

Қазақстан Халық партиясы жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметіне айрықша мән береді. Кездесу барысында Илья Теренченко облыстық мәслихат депутаттарының жұмысындағы жаңа тәсілдер, соның ішінде тұрғындармен кері байланыс орнату тетіктері жөнінде айтып берді.

1

– Депутаттар өзекті мәселелерді ашық жариялап, оларды қоғамнан жасырмай, керісінше, көпшілікке қолжетімді ету үшін әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып келеді. Мәслихаттың барлық отырыстары тікелей эфирде көрсетіледі. Бұл – өңір тұрғындары үшін болып жатқан үдерістерден хабардар болуға мүмкіндік береді, – деді Теренченко.

Бұдан бөлек, мәслихат тарихында алғаш рет жастар мәселелері жөніндегі комиссия құрылды. Бұл – өңірде жастар бастамаларына көңіл бөлініп, қолдау көрсетіліп отырғанының көрінісі. Депутаттардың тұрақты қабылдаулары облыс әкімдігі ғимаратының бірінші қабатында орналасқан «Open әкімшілікте» өтеді.

2

– Мұнда азаматтар өз депутаттарына тікелей сұрақ қоя алады. Қабылдау барлық партиялардың, яғни облыстық мәслихатқа сайланған әрбір саяси ұйым өкілдерінің қатысуымен өткізіледі. Бұл – билік пен халық арасындағы ашық диалогтың нақты үлгісі, – деді Илья Теренченко.

Теренченко депутаттардың партиялық бөлініске қарамай, халық игілігі жолында бірлесіп жұмыс істеу маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, мәслихат депутаттары Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында білім алып, кәсіби біліктіліктерін үнемі арттырып отыратынын жеткізді.

Мәслихаттағы кездесуден кейін Асылбек Нұралин Павлодар облысы әкімінің идеология және әлеуметтік сала мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары Айгүл Мәлікованың қабылдауында болды. Кездесуде жұмысшылардың құқықтарын қорғаудағы кәсіподақтардың рөлі мен олардың қызметін дамыту шаралары талқыланды. Әсіресе, өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселесіне баса назар аударылды. Тараптар «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында атқарылып жатқан іс-шараларды да қарастырды.

3

– Кездесуде Павлодар облысындағы кадр даярлау жүйесін жетілдіру жолдары жеке тақырып ретінде қаралды. Бұл – өңірдің өнеркәсіптік әрі әлеуметтік даму негізі саналады, – деді Нұралин.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy