ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтар құқығы жөніндегі уәкіл, Қазақстан Халық партиясы атынан сайланған Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды. Сапар барысында ол сайлаушылармен кездесіп, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған мекемелерді аралауды жоспарлаған.
Алғашқы кездесу Арқалық қалалық мәслихатында өтті. Мұнда Кенжеғұл Сейітжан партия белсенділері, жергілікті мәслихат депутаттары және Қоғамдық кеңес мүшелерімен жүздесті. Жиын барысында депутат-омбудсмен елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар, заңнамадағы өзгерістер және өзінің алдағы жұмыс жоспары жөнінде баяндады.
– Соңғы уақытта елімізде мүгедектігі бар жандардың қоғам өміріне толық араласуына мүмкіндік беретін оң өзгерістер көп болды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де атқарылатын жұмыс жетерлік, – деді депутат.
Кездесу қатысушылары өңір үшін өзекті бірқатар мәселені көтерді. Атап айтқанда, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған мамандандырылған дәріханалар ашу, белгілі бір әлеуметтік топтар үшін «Отбасы банк» арқылы құжат тапсыру тәртібін жеңілдету, мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік саладағы құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтардың зейнетақы мөлшерін арттыру және көру қабілеті нашар балаларға арналған мемлекеттік оқу орындарын ашу мәселелері нақты қарастырылды.
Сапар аясында депутат Қостанай облысы әкімдігі Білім басқармасына қарасты «Арқалық арнайы мектеп-интернатына» барып, ұжыммен кездесті. Бұдан соң ол қалалық «Қайрат» спорт кешенін аралады.