Алматыдағы тозығы жеткен кәріз жүйесі халықтың өміріне қауіп төндіріп отыр

dep.jpg

Жұмыс сапарымен Алматы облысына барған Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясының өкілі Ирина Смирнова Іле ауданының бірнеше елді мекенін (Ащыбұлақ, Өтеген батыр және т.б.) аралап, аудан әкімімен және тұрғындармен кездесті. Бұл өңірде, жалпы оңтүстік астанаға тән күрделі әрі жүйелі проблема – кәріз-тазарту жүйелерінің жай-күйі.

– Біз орталықтандырылған кәріз жүйесі туралы айтқанда, лас сулардың қайда кететінін, қайда жиналатынын ескере бермейміз. Ал ол сулар кезінде ешкім тұрмаған, қаладан 30–50 шақырым жердегі аймақтарда жиналады. Ол кезде қала халқы қазіргіден төрт есе аз болатын, — деп атап өтті Смирнова.

Мысалы, Алматы қаласының кәріз қалдықтарын жинайтын нысаны 1960-жылдардың басында салынған. Қала мегаполиске айналғалы бері бұл құрылғы артық жүктемемен жұмыс істеп келеді. Ескірген технологиялардың кесірінен бүгінде бұл жүйе қалдық көлемін «сіңіре» алмай отыр. Кәріз суларының бір бөлігі ашық далада жиналып, ағып жатыр. Мұның бәрі айналаға қолқаны қабатын иіс таратып, зиянды заттардың мөлшері бірнеше есеге асып кетеді.

Мемлекет тарапынан кәріз-тазарту жүйесін жаңғыртуға қаражат бірнеше рет бөлінгенімен, нақты нәтиже жоқ.

– Қалдық та, мәселе де қордаланып қалған. Бұл мәселені бір сәтте шешіп тастау мүмкін емес. Бірақ, бәлкім, біреулерге осы жағдайдың шешілмей тұрғаны тиімді де шығар – қаражат бөліп, жұмсауға сылтау керек қой! – деді депутат.

Дамыған елдерде кәріз жүйесі – бас ауыртатын емес, пайда әкелетін сала: тазартылған су, газ, табиғи тыңайтқыш алынады. Ал бізде қажетті технология да, соны енгізуге деген ықылас та байқалмайды.

– Алматы кәріз қалдықтарының негізгі көзі болса, енді сол жүйені оңалту үшін қаражат пен нақты шешімдердің де бастамашысына айналуы тиіс. Тұрғындарға сол маңда адам сияқты өмір сүруге жағдай жасалуы қажет, – деді депутат. Жақын арада Алматыда осы мәселе бойынша сарапшылар ұсыныстары бойынша қоғамдық тыңдаулар өтеді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy