Қазақстан Халық партиясы «Халық аманаты» атты жобасын іске асыруды жалғастыруда. Аталған бастама аясында партия мүшелері азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, сондай-ақ елде инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар өткізуде.
Шымкент қалалық филиалы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау стратегиясына арналған дөңгелек үстел өткізді.
– Шараның мақсаты – ерекше балаларды қолдаудағы тиімді тәсілдер мен салалық өзара іс-қимылды жетілдіру. Сонымен қатар, инклюзивті білім беру жүйесін енгізуге қатысты бірқатар әлеуметтік бастамалар талқыланды, – деп атап өтті филиал өкілдері.
Дөңгелек үстелге ҚХП жанындағы Ерекше қажеттіліктері бар балалардың құқықтарын қорғау және дамыту жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы, партияның Орталық аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұрдәулет Оразханов, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері, ПМПК мамандары, түзеу мекемелері мен инклюзивті мекемелердің қызметкерлері, сондай-ақ ата-аналар қауымдастығының мүшелері қатысты. Жиын барысында жүйелі мәселелер, салалық құрылымдардың өзара іс-әрекеті, әлеуметтік жобалар мен мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, ата-аналар мен мамандарға арналған тиімді ұсыныстарымен бөлісті.
– Біз ерекше балалардың мүддесін қорғауға бағытталған бастамаларды ары қарай да дамытамыз. Мемлекеттік және қоғамдық құрылымдармен бірлесе отырып, нақты нәтижеге қол жеткізуге ұмтыламыз, – деді партия мүшелері.
Осыған ұқсас іс-шараны Маңғыстау облыстық филиалы да ұйымдастырды. Оған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, білім басқармасы мен ерекше балалары бар ата-аналар қатысты. Кездесу барысында мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдаудың тиімді тетіктеріне қатысты нақты ұсыныстар айтылды. Ұсыныстар жинақталып, тиісті орталық органдарға жолданатын болады.
– Қазақстан Халық партиясы әрбір баланың қоғамда тең мүмкіндікке ие болуын аса маңызды деп санайды. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз жалғасын табады, – деді партия өкілдері.
Ақмола облыстық филиалының өкілдері – филиал төрағасы Арман Тастамбеков, Степногорск қалалық мәслихатының депутаты Руслан Исабеков және партияның жергілікті жастар қанатының жетекшісі Роман Борисовский үй жағдайында арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін орталыққа барды. Кездесу барысында орталық басшысы Татьяна Верхорубова мен Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ербол Сайытмағанов мекеменің жұмысы жайлы баяндады. Қазір бұл жерде 230 мүмкіндігі шектеулі жан көмек алуда, оның 60-ы – балалар. Орталық 700 шаршы метрден асатын ғимаратта орналасқан. Бұл нысанды мемлекет меншігіне Асаубаевтар әулеті тегін берген. Мекеме қызметкерлері бұл әрекетті азаматтық жауапкершілік пен меценаттықтың айқын көрінісі деп бағалады. Қонақтар балаларға дамыту ойындары мен спорттық құрал-жабдықтар тарту етіп, олардың физикалық және интеллектуалдық дамуына үлес қосты.
Арман Тастамбеков ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді әрі жүйелі қолдау маңызды екенін атап өтті.
– Мұндай жұмыс барлық мүдделі тараптардың қатысуымен бірізді түрде жүргізілуі тиіс. Сонда ғана біз әрбір балаға арналған қолжетімді әрі сапалы орта қалыптастыра аламыз, – деді ол.
Түсіністік орнату мақсатында облыстық филиал жанынан ерекше қажеттіліктері бар балалардың құқықтарын қорғау және дамыту жөніндегі кеңес құрылды. Оның құрамына тиісті қорлар мен ата-аналар қауымдастығының өкілдері және осы салада тәжірибесі бар мамандар кірді. Кеңес өз жұмысын бастап кетті: әлеуметтік және білім беру қызметтерінің сапасына мониторинг жүргізіліп, негізгі проблемалық мәселелер айқындалды.
– Біздің партия балаларға қамқорлықты бір реттік шара емес, мемлекет пен қоғам үшін басым бағыт деп санайды! Біз қолдауға мұқтаж балалардың өмір сүру және даму жағдайларын жақсарту бойынша жұмысты жалғастыра береміз, – деп мәлімдеді партия өкілдері.