Қазақстан Халық партиясы партия белсендісі Динара Маулянованы «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының қалалық кезеңінде жеңіске жеткені үшін шын жүректен құттықтайды. Жуырда Астанада өткен марапаттау рәсімінде елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен жеңімпаз он отбасыға арнайы сый-сияпат табыстады. Мауляновтар әулетіне диплом мен қаржылай сертификат берілді.
Биыл байқауға қатысу үшін елорда бойынша 255 өтініш қабылданып, бұл көрсеткіш рекордтық деңгейге жетті. Үміткерлер бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтті. Әр отбасы өз шежіресін, салт-дәстүрі мен өмірлік ұстанымдарын, жетістіктерін паш етіп, отбасылық құндылықтарды таныстырды.
– Комиссия үлгілі, өнерлі, бірлігі жарасқан отбасыларды іріктеп, түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтады, – деді байқау үйлестірушісі Елена Ленчук.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының мақсаты – отбасындағы береке мен бірлікті нығайту, ата-ана мен бала арасындағы жауапкершілікті күшейту, үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды ізгі дәстүрлерді жаңғырту. Сондай-ақ бұл бастама – қоғамда отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған.