Сайлаушылармен кездесу аясында Қазақстан Халық партиясының депутаттары елордадағы «Ayakids» түзету-дамыту орталығына барды. Депутаттық топ құрамында партия фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов та болды.
Кездесу барысында халық қалаулылары орталықтың жұмысымен танысып, мекеме басшылығымен және психолог Раушан Бірмағамбетовамен пікір алмасты.
– Әңгіме барысында фракция тарапынан бірнеше мәрте көтерілген маңызды әлеуметтік мәселелер сөз болды. Соның ішінде алимент төлемеу проблемасы – қоғамда кең тараған күрделі мәселе. Сондықтан Алименттік қор құру бастамасының азаматтар арасында қолдау табуы – қуантатын жайт, – деді Магеррамов.
Сондай-ақ, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған түзету-дамыту орталықтарын мемлекеттік қолдау мәселесі де арнайы талқыланды.
– Мұндай балаларға арнайы жағдай қажет екені анық. Мемлекет бұл мәселеге басымдықпен қарауы тиіс. Әлеуметтік бағытты ұстанатын партия ретінде біз келесі Мәжіліс сессиясында осы бағытта нақты ұсыныс енгіземіз, – деп атап өтті депутат.
Кездесу соңында Магеррам Магеррамов орталық ұжымының ұсыныстары мен көтерілген мәселелерін мұқият қарап, алдағы жұмысында ескеруге уәде берді.