Қазақстан Халық партиясы «Халық аманаты» жобасын жалғастыруда. Жоба аясында партия өкілдері азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалауға бағытталған қоғамдық мониторинг жүргізіп келеді. Бұл бастама әлеуметтік бағдарланған мемлекетті қалыптастыруға үлес қосуды көздейді. Жоба аясындағы іс-шаралар топтамасы Қазақстанда инклюзивті қоғам құруды мақсат етіп, «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау» тақырыбы аясында өтіп жатыр.
Осыған орай, ҚХП Шығыс Қазақстан облыстық филиалы ерекше балалар үшін инклюзивті ортаны қалыптастыруға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды. Басқосудың негізгі мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балаларды өңірлік деңгейде дамыту, оңалту және қоғамға бейімдеуге бағытталған тиімді стратегиялар мен бастамаларды әзірлеу болды. Дөңгелек үстелге білім және әлеуметтік қорғау басқармаларының өкілдері, балалар дәрігер-психиатрлары, инклюзивті және арнайы білім беру саласындағы сарапшылар, бейімделген дене шынықтыру бойынша жаттықтырушылар мен ерекше балалардың құқығы мен дамуына қатысты кеңес құрамындағы партия белсенділері қатысты. Жиын барысында ақыл-ой дамуында ауытқуы бар балаларға диагностика жүргізу мен оларды ерте жастан бастап әлеуметтік-педагогикалық тұрғыда қолдау, физикалық белсенділік арқылы бейімдеу мәселелері және ата-аналар мен қоғамның инклюзивті орта қалыптастырудағы рөлі талқыланды.
– Бұл дөңгелек үстел ашық әрі мазмұнды пікір алмасуға мүмкіндік берген маңызды алаң болды. Мемлекеттік құрылымдар, мамандар, ата-аналар мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп әрекет еткенде ғана әр балаға тең мүмкіндік бере алатын қоғам құра аламыз, – деді ұйымдастырушылар.
Осы тақырып аясындағы кездесу Қызылорда облысында да өтті. Мұнда негізінен аутизм спектрі бұзылыстары (АСБ) бар балалардың мәселелері қозғалды. Жиынға облыстық білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау басқармаларының қызметкерлері, психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес (ПМПК) мамандары, қорғаншылық және оңалту орталықтарының, түзету және инклюзия мекемелерінің қызметкерлері – педагогтер, дефектологтар мен психологтар қатысты. Кездесу барысында ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін тар бейінді мамандардың жетіспеушілігі мен түзету сабақтарына арналған орындардың тапшылығы негізгі мәселе ретінде аталды.
– Өкінішке қарай, АСБ диагнозы қойылған балалар саны әлем бойынша көбейіп келеді, бұл тенденциядан Қазақстан да тыс қалған жоқ. Әрбір облыс орталығында осындай балалар мен олардың отбасыларына арналған нақты қолдау көрсететін мекемелер болуы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай барысында осыған қатысты тапсырма берген болатын, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
АСБ мәселелері Батыс Қазақстан облысында да қозғалды. Бұл шараны Орал қаласында жергілікті партия ұйымы ұйымдастырды. Жиынға ерекше балалары бар ата-аналар, мұғалімдер, дәрігерлер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Мұнда ерте диагностика мен оңалту қызметтерінің жетіспеушілігі, ата-аналардың қажетті ақпаратқа қол жеткізу деңгейінің төмендігі, дефектолог, логопед пен психолог сынды мамандардың тапшылығы, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті ортаны қалыптастырудағы қиындықтар сөз болды.
– Жиын қорытындысы бойынша АСБ диагнозы бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдауды күшейту және тиімді білім беру бағдарламаларын енгізуге бағытталған бастамаларды әзірлеу жөнінде шешім қабылданды, – деп түйіндеді партия өкілдері.