Соғыс – мәселені шешудің жалғыз жолы емес

Агрессивті саясат өткеннің еншісінде қалуы тиіс. Бұл үндеу – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана халықаралық форумының пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінің негізгі өзегі болды. Президенттің баяндамасына Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов пікір білдірді.

Мемлекет басшысы қазіргі әлемдегі геосаяси ахуалға жан-жақты баға беріп, жаһандық үдерістердің негізгі бағыты мен қайшылықтарын нақты атап өтті.

1

– Бүгінде адамзат үшін күн тәртібіндегі ең өткір мәселе – соғыс пен бейбітшілік проблемасы. Бәлкім, бұрын-соңды әлем мұндай саяси әрі әскери қысым мен күйзелісті бастан өткермеген болар, – деді Магеррамов.

Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи уәждермен негізделетін соғыстарды ескірген әрі ақылға қонымсыз құбылыс деп атады. Магеррамовтың айтуынша, мұндай тәсілдер – мемлекеттердің алдағы экономикалық, экологиялық және гуманитарлық сын-қатерлерге жауап таба алмауының салдары.

– Бүгінгі әлем елдері бәсекелесуі тиіс болса, ол тек жаһандық проблемаларды шешу жолында ғана болуы керек. Бірақ мұның бәрі бейбіт жағдайда іске асуы тиіс, – деді депутат.

Мәселені бейбіт жолмен шешудің айқын үлгісі ретінде Қазақстанды айтуға болады. Еліміз мемлекеттер арасындағы саяси немесе экономикалық қайшылықтарды күшпен шешуге қарсы. Керісінше, әр ел өзінің даму жолын таңдауға құқы бар екенін үнемі алға тартып келеді.

– Біз қазіргі әлемде өзгерістердің үдеп жатқанын көріп отырмыз. Бүгінгі жаһандық шындық көрсеткендей, бұл дүние соғыс пен күш көрсету саясаты үшін мүлде қолайсыз, – деді Мәжіліс депутаты.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy