АЭС құрылысы бойынша Референдум 6 қазанда өтеді

dep.jpg

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясының құрылысы бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Референдум 6 қазанда өтеді. Оны ұйымдастыру мен өткізу ҚР Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ оның аумақтық бөлімшелеріне жүктелген.

"...Республикалық референдумға: "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сауал шығарылсын", – делінген Жарлық мәтінінде.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына биылғы Жолдауында республиканың сенімді және экологиялық таза энергия көздеріне аса мұқтаж екенін айтты.

– Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.

Қазақстан Халық партиясы отандық атом энергетикасын дамыту идеясын тооықтай қолдайды. Бұған дейін партия қазақстандықтарды елімізде АЭС салу идеясын мақұлдауға шақырып, үндеу жасаған болатын. Бұл туралы партия басшысы Ермұхамет Ертісбаев айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өте маңызды әрі ұтымды шешім қабылдай отырып, АЭС салу мәселесін жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынды. Енді халқымыз өз тағдыры мен болашағы үшін өзі таңдау жасауы тиіс. Біз қандай ел боламыз? Электр энергиясы үшін көршісіне тәуелді ел боламыз ба? Әлде өзін-өзі қамтамасыз ету мақсатында заманауи технологияларды тиімді қолданатын, энергетикалық тұрғыда тәуелсіз мемлекетке айналамыз ба?, – делінген ҚХП Үндеуінде.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy