Талғар қаласында «Күш – әрқайсымызда!» деген ұранмен Қазақстан Халық партиясы жақтастарының форумы өтті. Оған ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев қатысты.
ҚХП жақтастарының форумы – бұл жай ғана кездесу емес, бұл партияның өңірлерде жүзеге асырып жатқан ауқымды практикалық жұмысының бір бөлігі. Бұған дейін осындай іс-шаралар еліміздің барлық облыстарындағы ҚХП филиалдарында өткен болатын.
– Бүгін біз алдағы парламенттік сайлау қарсаңында күш біріктіру үшін жиналдық! – деді төраға өз сөзінде. – Сөзден іске көшетін уақыт келді! Бірлік пен сенім – біздің жеңіске жетуіміздің кілті!
Ермұхамет Ертісбаев ҚХП-ның цифрлық саладағы жетістіктерін тілге тиек ете келе партия Қазақстандағы медиа кеңістікте көшбасшы болып отырғанын, сондай-ақ ТМД шеңберінде шынайы цифрлық партияға айналғанын атап өтті. Бұл – 470 млн. қаралым мен 860 мың тіркелуші. Цифрлық сүйемелдеудің арқасында партия отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету, сондай-ақ қоғамдық аумақтарды заңсыз құрылысқа беруге қарсылық танытып, бірқатар маңызды мәселелерді шешуге қол жеткізді.
– Біз үшін цифрландыру – жай ғана статистика емес, – деп атап өтті Ермұхамет Ертісбаев. – Бұл нақты мәселелерді шешудің тиімді құралы!
ҚХП төрағасы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өңірлік депутаттарының жұмысын және облыстарда партия мүшелері жүзеге асырып жатқан жобаларды, соның ішінде «Халық үні» жобасын атап өтті. Бұл – халықтың өзекті мәселесін анықтап, оны шешуге бағытталған ҚХП жобасы. Ол 790 мыңнан астам адамды қамтиды. Төраға партияның Мәжілістегі фракциясының жұмысын жоғары бағалады. Өткен сессия барысында 5 депутаттан құралған ҚХП фракциясы 55-ке жуық депутаттық сауал жолдап, 18 дөңгелек үстел өткізді және 1187 заңнамалық түзету енгізді.
– Ал енді ойлап көріңіздерші, егер Парламентте біздің пікірлестеріміз бесеу емес, елу болса? – деді Е. Ертісбаев. – Нәтижеге жұмыс істейтін елу кәсіби маман!
Партия мүшелерінің Парламент қатарын толықтыруына жаңа Конституция жобасының қабылдануы және алдағы Құрылтай сайлауы мүмкіндік берді. Өңірлерде қазірдің өзінде сайлауға дайындық жұмысы қызу жүріп жатыр. ҚХП өз сайлаушыларының сенімі мен қолдауына үміт артады.
@halyk_partiyasy