Қазақстан Республикасы орны толмас ауыр қазаға ұшырады. 2026 жылдың 19-шы сәуірінен жиырмасына қараған түні, 84 жасқа таянған шағында Қазақстанның көрнекті қоғам қайраткері, әдебиет классигі, саясаткер және ойшыл Мұхтар Шаханов дүниеден өтті.
Ұлтымыз талантты жазушысы мен драматургінен, айтулы ақыны мен арда азаматынан айырылды. Оның есімі отандық және әлемдік мәдениет тарихына мәңгілікке жазылып, шығармашылығы Орталық Азия елдерінің рухани мұрасының ажырамас бөлігіне айналды.
Аңызға айналған тұлға туған жерге арналған лирикалық жырлар мен жүрекке жететін туындылардың авторы. Оның поэзиясы мен прозасы мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылды және ондаған тілге аударылып, әлемге кеңінен танылды. Ақынның гуманизм тұрғысынан мемлекет экологиясы мен адам жанының экологиясы мәселелерін терең зерделеген туындылары ЮНЕСКО деңгейінде де жоғары бағаланды.
Мұхтар Шаханов саясаткер әрі азамат, принципшіл және қайсар тұлға ретінде 1986 жылғы Желтоқсан трагедиясын алғашқылардың бірі болып әлемге жеткізіп, оқиғаны зерттеуге зор үлес қосты. Қоғам белсендісі ретінде Арал мен Балқашты сақтау мәселелерін ең биік мінберлерден көтерді. Ойшыл әрі заң шығарушы ретінде тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негіздерінің қалыптасуына атсалысты: алдымен Жоғарғы Кеңестің, кейін Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Дипломат ретінде ұзақ жылдар бойы Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды. Патриот тұлға ретінде Қытайға бір миллион гектар ауыл шаруашылығы жерін жалға беруге қарсы қоғамдық қозғалысты басқарды.
Мұхтар Шахановтың халықаралық қатынастарды дамытуға, Қазақстан мемлекеті мен қоғамының қалыптасуына қосқан үлесі бірнеше мәрте жоғары марапатқа лайық деп танылды. Ол – Қазақстанның халық жазушысы, Қырғыз Республикасының халық ақыны атақтарының иегері. Ол «Отан» орденімен, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен, Қырғызстанның «Данакер» орденімен, «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» сыйлығымен және түрік поэзиясының классигі Шахияр атындағы сыйлықпен марапатталған.
Қазақстан Халық партиясы Мұхтар Шахановтың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қайғыларыңызға ортақпыз.
@halyk_partiyasy