Баршаға қолжетімді білім!

dep.jpg

t.me/mazhilis_kz

Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитеті инклюзивті білім беру мәселелерін талқылауда. Талқылау «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы аясында өтуде.

Комитет отырысында «Ерекше балалардың ата-аналары одағы» РҚБ төрайымы Рауан Сағадиева қазіргі таңда балалардың игілігі үшін нақты жұмыс істейтін жүйе құру маңызды екенін, заңды тек заң үшін қабылдауға болмайтынын атап өтті.

– Қазіргі ұсынылған заң жобасы жүйелі мәселелерді шешпейді және нақты нәтиже бермейтін формалды өзгерістер қаупін тудырады, – деді қоғам белсендісі.

Р. Сағадиева психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияларды (ПМПК) реформалау ұсынысын сынға алып, онда тек атауы өзгеріп, құрылымның мәні өзгермейтінін айтты. Сондай-ақ мамандарды лицензиялау жазалаушы құрал болмауы тиіс екенін атап өтіп, «мүмкіндігі шектеулі балалар» деген тіркесті стереотиптік әрі стигматизациялайтын ұғым деп бағалап, оны «ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар» терминімен алмастыруды ұсынды.

– Біз заңға қарсы емеспіз, – деп қорытындылады Р. Сағадиева. – Біз шын мәнінде жұмыс істейтін заңды қолдаймыз.

Қазақстан Халық партиясы елде инклюзивті қоғам қалыптастыру мәселелерімен бұрыннан жүйелі түрде айналысып келеді. Аталған заң жобасын партия сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен арнайы ұйымдастырылған дөңгелек үстелде талқылады.

ҚХП атынан Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан инклюзивті білім беру бұл жекелеген санаттағы азаматтардың мәселесі емес, ол адами капитал сапасына, әлеуметтік тұрақтылыққа және еліміздің болашағына тікелей әсер ететін стратегиялық мемлекеттік бастама екенін атап өтті.

– Мен шын жүректен сенемін: инклюзивті білім беруді дамыту тек мемлекет пен азаматтық қоғамның, педагогтер мен ата-аналардың, сарапшылардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес өкілдерінің және оқушылардың бірлескен жұмысы арқылы ғана мүмкін, – деді мәжілісмен әрі омбудсмен. – Әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы ашық әрі шынайы диалог арқылы ғана біз әр адамның құндылығын мойындайтын және заман талаптарына жауап бере алатын білім беру жүйесін құра аламыз.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy