Алатау - инклюзивті дамудың жаңа үлгісі

dep.jpg

t.me/mazhilis_kz

Қазақстан Халық партиясының депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл, «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының өкілі Кенжеғұл Сейтжан Алатау қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға бағытталған бастамаларды қолдайды. Жақында Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» конституциялық заң екінші оқылымда қабылданды.

Отырыста жаңа нормалар туралы депутат Нұртай Сабильянов баяндама жасады.

– Депутат, «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының жетекшісі Ерлан Әбдиев қала ортасының қолжетімділігін арттыруға бағытталған түзетулер енгізді, – деді мәжілісмен. – Атап айтқанда, сәулет және қала құрылысы қызметін реттеу барысында инклюзивті әрі жайлы орта қалыптастыру үшін әмбебап дизайн қағидаттарын қолдану ұсынылады.

Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы әріптестерінің әмбебап дизайн қағидаттарын бекітетін бұл түзетулерін қолдайды.

– Бұл жай ғана формалдылық емес – бұл «Мүгедектердің құқықтары туралы» Конвенция ережелерінен тікелей туындайтын норма. Онда қолжетімді орта қосымша мүмкіндік емес, негізгі құқық ретінде қарастырылады, – деп атап өтті Кенжеғұл Сейтжан. – «Инклюзивті Парламенттің» мүшесі ретінде мұны маңызды қадам деп санаймын: қабылданатын шешімдер әуел бастан ешкімді шет қалдырмай ескерілуі тиіс. Бұл – құрмет, тең мүмкіндік және өмір сүруге қолайлы, заманауи орта.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy