Қандастарды елге қайтаруға жағдай жасалсын

Қазақстан Халық партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмысы Түркістан облысында жүргізілді. Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат, ҚХП төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков Жетісай ауданының халқымен кездесті.

Спикер Жетісай жұртына Халық партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

– Қазақстанның әрбір азаматына ғасырлар бойғы бабаларымыздың арман-мұратын жүзеге асыруға мүмкіндік беру қажет. Бұл үшін жер телімі кейінгі ұрпаққа өмір бойы пайдалану құқығымен мұра ретінде қалуы тиіс. Осы құқық ел азаматтарына ғана берілуі керек, – деді ол.

Спикер агро саланы дамытудағы мемлекеттің іс-қимылы көңілден шықпайтынын атап өтіп, жылдар бойы зерттеліп, негізі қалыптасқан кооперация жүйесі әлем бойынша ауыл шаруашылығын дамытудағы табыстың басты құпиясы екенін мәлімдеді.

– Бұл елдер ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізушілермен, қайта өңдеу кәсіпорындарымен, университеттермен, зерттеу орталықтарымен, көлік-логистика, инжиниринг және консалтингтік компаниялармен, қаржы институттары, инвесторлармен шаруашылық техникасын бірлесіп пайдалану бойынша ынтымақтастық орнатады. Нәтижесінде бұл елдерде агро сала ерекше қарқынмен дамып жатыр, – деді А.Асылбеков

Мұнан кейін спикер өмір сүру сапасы нашарлаған және зардап шеккен санаттағы отбасыларды қолдау тиісті деңгейде жүргізілмейтініне тоқталды.

– Мемлекет 4 және одан да көп балалары бар көпбалалы отбасыларға тегін баспана беруі қажет. Сондай-ақ ипотеканы үш балаға дейінгі отбасыларға қолжетімді етуі керек. Міндетті шарттардан бастапқы жарнаны алып тастауды және төмендетілген пайыздық мөлшерлемелерді (жылдық 2-ден 5%-ға дейін) белгілеуді ұсынамыз. Екінші баладан бастап 25%, ал 4-ші бала туылған кезден мемлекет есебінен ипотека енгізуді ұсынамыз, – деді партия өкілі.

Спикер дәл осы күні сарыағаштықтармен де жүздесті. Бұл жерде А. Асылбеков жастар мәселесі мен қандастардың жағдайын тілге тиек етті.

– Халық партиясы қандастарды қабылдаудың жыл сайынғы квотасын ұлғайтуды қолдайды. Тарихи Отанына оралған қандастардың мүмкіндігін шектеуге болмайды. Қандастардың дипломдарын нострификациялау мәселесін шешу қажет. Ел азаматының төлқұжаты тең құқық пен мүмкіндік береді. Олардың білімі, тәжірибесі, сақталған ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары мемлекетіміздің мәдениетін байытады, – деді ол.

Сарыағаш халқы спикерге сауал қойып, нақты жауап алды. Жиын соңында тұрғындар 19 наурызда өтетін сайлауда партияны қолдап дауыс беретіндерін айтты.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy