Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Алматыда аналармен кездесті. Еркін форматтағы басқосуға партиялық тізім бойынша Мәжіліске өткен депутат Гаухар Танашева, еліміздің түпкір-түпкірінен аналар қатысты.
– Ана отбасының шырағы ғана емес, ұлттың ұйытқысы, – деді партия төрағасы. – Сондықтан аяулы жандарға деген қолдау айрықша болуы тиіс. Әрине, мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға көңіл бөлініп келеді. Бірақ ол әлі де жеткіліксіз. Халық партиясы көпбалалы отбасыларды қолдаудың қуатты мемлекеттік бағдарламасын қабылдауға ниетті. Себебі, көпбалалы отбасылар – қазақ қоғамының асыл құндылығы.
Басқосу барысында аналар өз ойларын ортаға салды. – Біз анамыз. Сондықтан ұл-қыздарымыздың, еліміздің болашағына алаңдаймыз, – деп бастады ойын 6 баланың анасы, күміс алқа иегері Нурымова Аяш. – Халық партиясы әрдайым әлеуметтік осал топтардың азаматтық құқықтарын қорғап келеді. Бүгінде аталмыш саяси күш көпбалалы аналардың мәртебесі өмір бойы сақталуы тиіс деп дабыл қағып отыр. Бұл мәселе қаншама жылдан бері санамызда сайрап жүрген сауал еді.
Аяш Қадырқызының ойын көпбалалы ана Алтын Алқа иегері "JaryqJan" қоғамдық қорының жетекшісі Аргинова Гульдана жалғады.
– Ақиқатқа тура қараған абзал. Халық партиясы қатпар-қатпар құжат жинауға мәжбүрлейтін атаулы әлеуметтік көмектен бас тартып, оның орнына әр балаға берілетін жәрдемақы көлемін 70 000 теңгеге жеткізу қажет деді. Телеарна, әлеуметтік желілер дүр сілкінді. Еліміздегі аналардың 99 пайызы қолдап отыр десек артық айтқанымыз емес. Бұл мәселені көтерген депутат әрі өзі де көпбалалы ана Гаухар ханымға, оған биік мінберге шығуына мүмкіндік берген Халық партиясына алғыс айтамыз. Енді Үкімет аналардың үнін шынымен естиді, қоғамның қолдауын көреді деген үміттеміз, – деді.
Кездесуде сондай-ақ, әйелдердің зейнет жасын төмендету қозғалысының белсенділері сөз сөйледі. Олар барлық көпбалалы аналардың зейнет жасын төмендету, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналардың зейнеткерлікке шығу мәселесі талқыланды. Сонымен қатар, мемлекеттік алимент қорын құру, көпбалалы аналар мен жас отбасыларға баспана қолжетімділігі және ана капиталы жайын тілге тиек етті.
Бұл ретте Гаухар Танашева: – Парламент мінберінен айтылатын аналар мәселесі әлі де шаш етектен. Бізге осындай мүмкіндік берген Халық партиясына алғыс білдіремін. Кеудемде жаным болса, аналардың жанайқайын жеткізуден жалықпаймын, – деді.
Жиын қорытындысында партия төрағасы: – Әр отбасы, әрбір көпбалалы ана мемлекеттің қамқорлығында болуы тиіс. Біз осы жолда Сіздермен бірге жұмылып жұмыс жасайтын боламыз, – деді.