Қазақстан Халық партиясы мен Астана қалалық «Голбол» федерациясы Паралимпиада орталығының қолдауымен зағип және көзі нашар көретін жасөспірімдер арасында голболдан республикалық турнир өткізді.
Отан қорғаушылар күні қарсаңында ұйымдастырылған шараға Мәжіліс депутаты, республикалық «Голбол» федерациясының директоры Кенжеғұл Сейітжан, Парламент Мәжілісінің депутаттары және спортшылар қонақ ретінде қатысты.
– Адамның мүмкіндігі шектеусіз. Рухы биік, жігері мықты жандар тағдырдың түрлі сынағын тік тұрып қарсы алады. Олар табандылығымен, қайсарлығымен қиындықты жеңіп шығады. Бүгін біз зағип және көзі нашар көретін жасөспірімдердің өнеріне тәнті болдық. Голболдан өткен республикалық турнир өмір сүруге деген құштарлық пен жеңіске деген құлшыныстың ерекше көрінісін паш етті, – деді депутат К. Сейітжан.
Оның айтуынша, зағип және көзі нашар көретін жандар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінуі тиіс. Сонда ғана ел азаматтары тең мүмкіндікпен, тең құқыққа қол жеткізеді.
ҚХП депутаты И.Сұңқардың сөзінше, Қазақстан Халық партиясы бұқаралық спортты дамыту мен саламатты өмір салтын насихаттауды қолдайды. Бұл туралы партияның сайлауалды бағдарламасында жазылған.
– Халық партиясы «AртСпорт» бағдарламасын қолдаған жалғыз саяси күш. Партия дабыл қаққаннан кейін еліміздегі мыңдаған жас шығармашылықпен және спортпен тегін айналысуды жалғастыруға қол жеткізді. Бұл балалардың бос уақытын үнемді пайдалануға, ой-өрісін дамытуға және көптеген отбасының әлеуметтік ахуалын қолдауға септігін тигізді, – деді депутат.
Айта кетейік, былтыр Мәдениет және спорт министрлігі «Aртспорт» үшін санаға сыймайтын ереже ұсынып, бағдарламаға бөлінген қаржыны қысқартуға қадам жасады. Халық партиясының араласуымен мәселе Мемлекет басшысына жетті. Қоғамдық резонанс түзетулерді қайта қарауға ықпал етті. Ақырында Президенттің пәрменімен министр отставкаға кетті. Ал балалар спортпен және шығармашылықпен айналысу құқығын сақтап қалды.
– Халық партиясы балалар мейірім мен қамқорлықты қазірден бастап сезініп өсуі керек деп санайды. Біз балаларымыздың спортпен және шығармашылықпен тегін айналысқанын қолдаймыз! – деді И.Сұңқар.
Голболдан өткен республикалық турнирде 6 команда бақ сынады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге және жарыстың өтуіне қолдау көрсеткен ұйымдастырушылар мен жаттықтырушыларға, сонымен қатар төрешілерге партия төрағасы Е.Ертісбаевтың атынан алғыс хат пен диплом табысталды.
– Қазақстан Халық партиясының және жеке өзімнің атымнан қайсарлық пен табандылықтың ерекше үлгісін көрсетіп, саламатты өмір салтын насихаттау мен қолдауға қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіремін! Отанға деген шексіз сүйіспеншілігіңіз рухыңызды асқақтатып, жігеріңізді жани берсін. Жеңіске деген құлшынысыңыз бен кәсіби шеберлігіңіз толайым табысқа жеткізсін! Дүбірлі додаларда топ жарып, есіміңіз ел спортының шежіресіне алтын әріппен жазылсын, – делінген партия төрағасының алғыс хатында.