Қазақстан Халық партиясы Абай облыстық филиалының өкілдері «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» мемлекеттік мекемесінің ұжымымен және кәсіпкерлермен бірлесіп, ағаш отырғызу акциясын өткізді.
Филиал белсендісі Кеңесбек Мейірлі еріктілердің басын біріктіріп, көгалдандыру ісіне қатысты.
– Халқымызда «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген жақсы сөз бар. Жасыл желек ауаның тазаруына, қолайлы микроклиматтың қалыптасуына оң әсер етеді. Жайқалған орман экологиялық ахуалды жақсартып қана қоймай, келешек ұрпаққа мирас болып қалады. Бабаларымыз: «Бір тал кессең, он тал ек» дегенді бекер айтпаған, – деді К. Мейірлі. Оның айтуынша, партия қоғамдық жұмыстан, игі бастамалардан тыс қалмайды. Себебі көпшіліктің сұранысы мен талабын жоғары бағалайды.
– Ел игілі үшін жасалған іске көпшілікпен бірге атсалыстық. Нәтижесін, жақсылығын уақыт көрсетеді, – деді партия белсендісі.
Айта кетейік, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты экожүйенің тұтастығын сақтау, бүлінген бірегей табиғи кешендер мен нысандарды, тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру қызметін жүзеге асыру үшін құрылған. Орман алқабының 7,9%-ын – қарағай, 5,7%-ын – самырсын, 2,3% -ын – балқарағай, 1,8%-ын – шырша, 52,2%-ын – сексеуіл, 8,7%-ын – қайың, 3,4%-ын – көк терек, 1,3%-ын – теректің барлық түрлері, 12,2%-ын – бұталы ағаш құрайды.