Астанадағы АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері елорда тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған шараға ҚХП Астана қалалық филиалының қызметкерлері мен оның жетекшісі Нұрдәулет Оразханов белсене қатысуда.
Осындай ақпараттық кездесулердің бірі ҮЕҰ өкілдерімен өтті. Жиында саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің және энергетикалық салалық ұйымдардың мүшелері қатысушыларға елімізде АЭС салудың негізгі артықшылықтары туралы айтып, олардың сұрақтарына жауап берді.
«Атом электр станциясы – тұрақты, экологиялық таза әрі үнемді энергия көзі. Сондықтан ол Қазақстан экономикасын дамытудың негізі кілтіне айналатыны сөзсіз», - деді спикерлер.
Сонымен қатар елордадағы №12 емханада да ақпараттық кездесу өтіп, штаб өкілдері мекеме ұжымына түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Атом электр станциясы - гүлденген әрі қуатты мемлекет құру жолындағы маңызды қадам. АЭС сала отырып, біз болашаққа сеніммен қарап, республикамыздың тұрақтылығы мен халқының әл-ауқатын қамтамасыз ете аламыз», - деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Ал Қ.Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінде атом энергетикасы тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, оған университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттер қатысты.
«Атом электр станциясы – әрбір үйді қолжетімді әрі үздіксіз электр қуатымымен қамтамасыз етеді», - деп түйіндеді штаб өкілдері.
Сондай-ақ, «Азия Парк» сауда ойын-сауық орталығының аумағында да арнайы шара ұйымдастырылып, партия мүшелері орталыққа келушілер арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді және ақпараттық стендтерге үгіт-насихат материалдарын орналастырды.