Аутизммен ауыратындарды мүгедектіктен қорғауға болады

Аутизм спектрі бұзылған балалар (ASD) мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Дер кезінде жасалған терапия олардың қоғамға оралуына көмектеседі. Қазақстан Халық партиясы мемлекет осындай пациенттерді әлеуметтендіру үдерісіне белсенді қатысуы тиіс деп санайды.

Халықаралық статистикаға сүйене отырып, Мәжіліс депутаты Гаухар Нұғманова соңғы жылдары бүкіл әлемде АСД-мен ауыратын балалардың саны бірнеше есе артқанын атап өтті. 2021 жылғы мәлімет бойынша аутизмі бар 4 887 пациент есепке алынды. 3 820 балаға аутизм диагнозы қойылды. Алайда халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша АСД-мен ауыратын балалардың нақты саны бұл көрсеткіштен едәуір асады.

«Қазақстанда аутизмі бар балаларды қолдаудың 200-ден астам орталығы бар, олардың негізгі бөлігі қоғамдық бірлестіктер есебінен қаржыландырылады. Оңалту және түзету қызметінің құны барлығына бірдей қолжетімді емес. Оның құны айына шамамен 200 мың теңгеден басталады», – деп хабарлады ҚХП депутаты.

Бүгінгі таңда осы санаттағы балалар мен олардың отбасыларына мемлекеттік көмек көрсету өзекті әрі шешімін таппай тұрған мәселелердің бірі саналады. Аутизммен ауыратын балаларға дер кезінде диагноз қойып, сапалы терапия жасаса, олар көпшілікпен бірге тең дәрежеде оқып, жұмыс істей алады.

ҚХП тек мемлекеттік көмек жүйесі аутизммен ауыратын адамдардың мүгедектігін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді деп санайды.

Партиялық өкілдері қазақстандық балалар арасында аутизмнің таралуын анықтауға бағытталған кең ауқымды зерттеу жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ Денсаулық сақтау, Ағарту, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау сынды мүдделі министрліктер тарапынан аутизмі бар балаларға қатысты бірыңғай саясатты келісу және аутизмі бар балаларды медициналық-психологиялық-педагогикалық оңалту бағдарламасын әзірлеу бастамасын көтерді.

Аутизмі бар балаларға медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін мемлекеттік емес ұйымдар мемлекеттік қолдауды қажет ететінін мойындау қажет. Сондай-ақ мемлекет халықты АСД туралы ақпараттандыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мұндай пациенттердің медициналық көмекке қолжетімділігін арттырып, аурулардың ерте диагностикасын қамтамасыз етуі тиіс.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy