Қазақстан Халық партиясының төрағасы Е.Ертісбаев Түркия Республикасының Президенті, Әділет және даму партиясының төрағасы Режеп Тайип Ердоғанға табиғи апатқа байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.
Ермұхамет Ертісбаев өз хатында Қазақстан мен Түркия Республикасының арасындағы тамырлас тарих, ортақ мәдени мұра мен ұстаным ұқсастығы бар екенін айрықша атап, көңіл айтты.
– Бауырлас елдің басына түскен қайғылы жағдай біздің де қабырғамызды қайыстырып отыр. Аса күшті жер сілкінісі салдарынан қаншама бауырларымыз қаза тапты. Түркия елі қара жамылғанын күйзеліспен қабылдадым. Осынау сын сағатта Өзіңізге, жақындарынан айырылған отбасылар мен күллі туысқан түрік ағайындарға Қазақстан Халық партиясы атынан және жеке өзімнің атымнан қайғырып көңіл айтамын. Қаза болғандардың жандары жәннатта болсын. Зардап шеккендердің жылдам сауығып кетуіне шын жүректен тілектеспіз» – делінген жеделхатта.
Айта кетейік, Түркиядағы жер сілкінісі 6 ақпанға қараған түні болды. Магнит Рихтер шкаласы бойынша 7,8 баллды құрады. Эпицентр Газиантептің ірі мегаполисінің жанынан тіркелді. Зілзала 32 рет қайталанған. Табиғи апат салдарынан кем дегенде он түрік провинциясы зардап шекті. Ақпарат құралдарындағы мәлімет бойынша 3000-ға жуық адам қаза тауып, бірнеше мың адам жарақат алған. Сонымен қатар, тұрғын және әкімшілік ғимараттар, жол, авиациялық және коммуналдық инфрақұрылым, сондай-ақ тарихи нысандар қирады.
Еске салсақ, аталған табиғи апат 1939 жылғы жер сілкінісімен салыстырылып отыр. Онда Ыстамбұлға жақын жерде 7,7 баллдық ең жойқын жер сілкіністерінің бірі болған еді. Салдарынан 17 мыңға жуық адам қаза тауып, қирау аймағы шамамен 30 мың шаршы шақырымды құраған.