«Қазақстан Халық партиясы» фракциясын Магеррам Магеррамов басқарады

ҚР Парламенті Мәжілісі «Қазақстан Халық партиясы» фракциясын ресми тіркеді. Мәжіліске ҚХП атынан сайланған депутат Магеррам Магеррамов фракция жетекшісі қызметіне кірісті.

Жалпы, Мәжілісте 6 парламенттік фракция құрылды.ҚХП фракциясының жаңа басшысы алдағы жоспарын жариялады. – Біріншіден, біз сайлауалды бағдарламамызды жүзеге асыруға басымдық береміз, – деді М. Магеррамов. – Екіншіден, фракция мүшелері заң жобаларына бастамашылық жасауға әзірленіп жатыр. Бір заң жобасы –адвокаттар мен заң кеңесшілерінің, екінші заң жобасы – Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне қатысты болады.

Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісіндегі саяси партия фракцияларының жетекшілерімен кеңес өткізді. Кездесуде Мемлекет басшысы Конституцияның 44-бабына сәйкес премьер-министр лауазымына ұсынылатын кандидатура жөнінде фракция басшыларымен кеңесуге тиіс екенін айтты.

Талқылауға «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов, «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Анас Баққожаев, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев, «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров және «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» фракциясының жетекшісі Асхат Рақымжанов қатысты. Осыдан соң мәселе Палатаның жалпы отырысына шығарылды. Дауыс беру нәтижесінде Үкімет басшысы лауазымына Әлихан Смайылов қайта тағайындалды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy