Қазақстан Халық партиясы Кіші Талдыкөлді сақтауды талап етеді

Кіші Талдыкөл көлдерінің тағдыры – елорда қасіреті. Бұл бизнестің пайда табу үшін елдің табиғи байлығын урбанизацияға құрбан етіп отырғанының көрінісі.

Құрылыс салушы бірнеше жылдан бері көлдермен арпалысып келеді. Талдыкөл табиғи су қоймалары көпқабатты тұрғын үй кешендерін салу үшін құрғатылып жатыр. Әкімдіктің ақпаратына сәйкес, Кіші Талдыкөл көлі орналасқан (шамамен 600 га) барлық аумақты ішінара сақтай отырып, құрылыс салуға беру ұйғарылып отыр.

Қазақстан Халық партиясы экологтармен және қоғам белсенділерімен бірге қаланың экологиясына зардабын тигізетіні туралы дабыл қағып, құрылысқа қарсылық білдіруде. Белсенділер биліктен көлдер мен олардың биоалуантүрлілігін құтқаруды, ал қаптаған құрылыстың орнына Талдыкөлде саябақ жасауды талап етіп отыр.

– Кіші Талдыкөл көлдерінің 13 000 жылдық тарихы бар. Мұнда құстар мен жануарлардың жүзден астам түрі мекендейді, – дейді қала тұрғындары. – Бұл жерде аққулар, қаздар, сұр үйректер, Қызыл кітапқа енген бұйра пеликандар кездеседі. Былтыр мұнда қызғылт қоқиқаз да болды.

Белсенділер митинг өткізді, экологиялық полицияға шағымданды және сотқа жүгінді. Қала билігі су қоймаларын сақтауға және су қорғау аймағы аумағында экопарк құруға уәде берді. Алайда су қоймаларын жою үдерісі барлық шешімдер мен қаулыларға қайшы, заңсыз, бірақ жүйелі түрде жалғасып жатыр.

Бұл мәселеге партияның «Қала дерті» сериясындағы эфирлерінің бірі арналды. Жақында партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев бастаған ҚХП өкілдері құрғатылып жатқан көлдерге барды.

– Бұл жерде Қала құрылысы Кодексі емес, Қылмыстық кодексті қатаңдату қажет, – деп түйіндеді Ертісбаев сапар қорытындысын. – Заңсыз құрылыс салғаны, табиғатымызды жойғаны үшін барлық кінәлілерді жазалау керек. Көлді құрғатқандарды және құрғатуға рұқсат бергендері де назардан тыс қалдырмау қажет. Біз Бас прокуратураға жүгінуге ниеттіміз, мәселені мәслихатта да, Парламент деңгейінде де көтереміз.

«Менің елім дала» ҚБ төрағасы Орал Қоянбаев бұл бастамаларды құп көрді.

– Барлығымыз біліксіз, заңсыз шешім қабылдаудан зардап шегеміз, – деді ол. – Сондықтан чаттарда белсенділік танытып қана қоймай, митингтерге шығып, халықтың мүддесі үшін жұмыс істейтін партияларға қолдау көрсету қажет.

Талдыкөл мәселесіне арналған «Қала дерті» эфирінің сілтеме: https://www.youtube.com/watch?v=_yYvqKh1FGA&t=2191s


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy